386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мосулда мыңдаған ата-ана балаларынан көз жазып қалған

  • 364
  • UPD: 18:01, 01.08.2017

Ирактың Мосул қаласын азат ету кезінде әке-шешесінен бөлініп, қараусыз қалған балалар көбейген.

Бірақ қала үшін ұрыс аяқталғанына екі айдай уақыт болып қалса да, олардың көбі әлі отбасына қосыла алмай отыр. Өйткені тоғыз айға созылған шайқас кезінде кімнің өліп, кімнің тірі қалғанын анықтау мүмкін болмай тұр.

Хассан есімді азамат Мериам атты тоғыз жасар қызын мәңгілікке жоғалтып алдым ба деп ойлаған. Өткен жылы қазан айында шаһарды азат ету операциясы басталмай тұрып қаршадай қыз Батыс Мосулға әжесіне кетіп, кері қайта алмай қалған. Әкесімен тек қала үшін шайқас біткеннен кейін ғана қосылуға мүмкіндік туады.

Хассан, Мериамның әкесі:

Мериам ата-әжесіне кеткен. Ал мен Шығыс Мосулда болдым. Операция басталған күні көпір жабылып, қатынас үзілді. Содан кейін біз лагерьге барып тығылдық, ал олар қаланың батыс бөлігінде қалып қойды. Лаңкестер адамдарды күнде өлтіріп жатыр дегенді естіп, оларды енді көре алмаймын ба деп қорқып едім.

Ирак әскері шаһардың батыс бөлігіне кіріп, біраз ауданды азат еткеннен кейін Мериам әжесімен әл-Хазер лагеріне барып тығылады. Сол жерде халықаралық ұйым өкілдері оның әкесімен қосылуына көмектеседі.

Мериам, Хассанның қызы:

– Ұйым өкілі менің әкем қайда деп сұрады. Мен Хазер лагерінде дедім. Содан кейін әкемді көргім келетінін біліп, таңертең сағат 9-да алып кететінін айтты.

Мұндай оқиғалар өте көп. Азат ету операциясы барысында мыңдаған бала әке-шешесінен бөлініп қалған. Олардың кейбіреуі әуе шабуылы кезінде жоғалып кетсе, енді бірі содырлардан қашқан кезде адасып қалған. Лаңкестерден тығылып босқындар лагеріне аман-есен жалғыз жеткендер де бар.

Мариямпиллай Марияселвам, ЮНИСЕФ қызметкері:

– Біздің лагерьде бала өте көп. Нақты санын айту қиын. Бірақ балаларды қорғау агенттігінің мәліметіне қарағанда, әке-шешесінен бөлініп қалған 3 мыңға жуық жасөспірім мен туысы жоқ 800-дей бала бар екен.

ЮНИСЕФ өкілінің айтуынша, әке-шешеден айырылған балалардың саны соңғы бірнеше айда көбейген. Қазір ұйым алдында балалардың ата-анасын іздеп, оларды бейбіт өмірге дайындау міндеттері тұр.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Мақсұт Меделханов

Хабар 24 телеарнасы