383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Венесуэладағы саяси ахуал ушығып барады

  • 435
  • UPD: 17:28, 02.08.2017

Билік басындағылар оппозициялық блоктың екі жетекшісін қамауға алғаннан кейін мұндағы жағдайға халықаралық қауымдастық да алаңдай бастады.

Ал АҚШ Президент Николас Мадуроның жеке басына санкция жариялағаннан кейін ресми Каракастың ендігі қадамы қандай болмақ?

Венесуэла билігі мен оппозиция арасындағы теке-тірестің тоқтайтын түрі жоқ. Өткен түні билік жасағы Каракаста үй қамағында отырған оппозиция жетекшілері Леопольдо Лопес пен Антонио Ледесманы түрмеге қамады. Жоғарғы соттың мәлімдеуінше, олар сот үкімінің талаптарын толық орындамай, үйінен қашып кетуге әрекет еткен. Дегенмен қарсы тарап өкілдері саясаткерлерге жала жабылды деп отыр.

Энрике Каприлес, оппозиция жетекшісі:

- Венесуэланың дәл бүгінгідей күйге тап болуына, экономикалық, әлеуметтік жағдайының құлдырауына қазіргі билік кінәлі. Онсыз да үй қамағында отырған азаматтардың баспанасына басып кіріп, ештеңе түсіндірместен абақтыға әкетуі әбден басынғандық. Ал тағып отырған айыптары адамның ақылына сыймайды. Олар қарапайым халықты көзі соқыр, сауатсыз деп ойлай ма? Биліктен мұндай бассыздықты тоқтатуды талап етеміз.

Ресми Каракастың осы әрекетінен кейін Америкалық мемлекеттер ұйымының бас хатшысы Луис Альмагро одақты Венесуэлаға қарсы санкцияны қатаңдатуға шақырды. Ал БҰҰ Латын Америкасындағы бұл елдің басшылығына азаматтардың құқығын шектемей, оппозициямен бейбіт мәмілеге келуге кеңес берді. АҚШ-та қарап қалмай, Президент Николас Мадуроның жеке басына санкция жариялады.

Рекс Тиллерсон, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

- Біз Венесуэлада заң талаптарының қайта орнағанын қалаймыз. Билік қарапайым халықтың пікірімен санасуы тиіс. Адам құқығы мүлде сақталып жатқан жоқ. Бар мүмкіндіктерімізді пайдаланып, не Мадуро өз еркімен биліктен кететін немесе халықпен санасып заң талаптарымен жүретіндей жағдай туғызуға тырысамыз.

Ал Венесуэла Президенті Николас Мадуро өзінің жеке басына АҚШ-тың санкция салуын абырой санайды. Ол АҚШ-тың бұл әрекеті олардың шарасыздығының белгісі дейді.

Николас Мадуро, Венесуэла Президенті:

- АҚШ өз санкцияларымен мені қорқыта алмайды. Мен алған бетімнен қайтпаймын. Венесуэла халқы Конституциялық Ассамблеяның шақырылғанын қолдап дауыс берді. Өзге мемлекеттер ішкі саясатымызға араласып, бізге ықпал ете алмайды.

Айта кетейік, бүгін Венесуэла Конституциялық Ассамблеясының алғашқы жиыны өтеді. Онда талқыланатын басты тақырыптың бірі мемлекет Конституциясына өзгеріс енгізу. Ал оппозиция жиынды заңсыз деп, жұртты жаппай ереуілге шақырды. Жалпы Венесуэлада билікке қарсы наразылық шерулері 4 айдан бері жалғасып келеді. Осы аралықта қақтығыстардан қаза тапқандар саны 120-ға жетті.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Мақсұт Меделханов

Хабар 24 телеарнасы