387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Италияның әскери флоты Ливия жағалауына аттанды

  • 493
  • UPD: 13:24, 04.08.2017

Италия Ливия жағалауына әскери флотын аттандырды.

Ел парламенті заңсыз келімсектерге қатысты операцияны бастауға рұқсат берген. 5 кеме, тікұшақ пен 700 сарбаз Ливияның жағалау күзетіне көмекке кетіп барады.

Ливия босқындар көшіне төтеп бере алмай отыр. Енді Италия да бұл елге көмекке әскерилерін жіберді. Алғашқы «Борсини капитаны» кемесі межелі жерге жетіп үлгерген. Бас-аяғы 700 сарбаз, екі су асты қайығы мен бес кеме жағалаудағы жағдайды жіті бақылайтын болады.

Лиа Куартапелле, Италия парламентінің депутаты:

– Ливияның жағалау күзетін қолдау үшін әуе-теңіз күштері миссиясына қосылдық. Бұл босқындарды тоқтатуға әсерін тигізеді. Бір шетінен Ливия үкіметіне көмек қолын создық. Басқа еуропалық әріптестеріміз де жағдайды реттеу үшін бізге қосылар деген ойдамыз.

Франческо Саверио Романо, Италия парламентінің депутаты:

– Бұл ағылған келімсектерді тоқтатқысы келіп тұрған тек Италия үшін ғана маңызды емес. Қазір дағдарысты басынан кешіп жатқан елге тығырықтан шығу үшін сүйеу болуымыз қажет.

Ливияға кемелер жіберу туралы өтініш Римге Триполидегі ұлттық бірлік үкіметінің басшысы Фаиз Сарадждан келіп түскен. Италия премьер-министрі Паоло Джентилонидің айтуынша, қолға алынған іс-шараның бәрі оның өтінішіне сәйкес келеді. Бірақ Ливия парламенті бұл келісімді толығымен жоққа шығарып отыр.

Абдалла Билхак, Ливия парламентінің ресми өкілі:

– Ливия палатасы болған жағдайға түбегейлі қарсы. Елдің еркіндігіне қарама-қайшы әрекет ететіндей Италияға ешкім құқық берген жоқ. Олар босқындарды желеу етіп біздің аумаққа өтті.

Ливия парламенті БҰҰ-ға хабарласқан. Олар Римнің халықаралық заңнаманы сақтауын талап етіп отыр. Сондай-ақ Италия үкіметінің түпкі ойы ағылып жатқан келімсектерден біз арқылы құтылу дейді.

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Юлия Гончар, Массимилиано Вольпе

Хабар 24 телеарнасы