«ЭКСПО-2017» көрмесіне келушілердің саны 2 миллионнан асты

Бүгінде бүкіл әлем көз тіккен ЭКСПО көрмесіне өткен аптада 308 мың 560 адам барған.

Демек күніне 44 мың 80 келуші бас қаладағы басты нысанды тамашалап, алуан түрлі жобаларға тәнті болған. Ресми статистикаға сүйенсек, 10 маусым мен 6 тамыз аралығында тың жобалар ұсынылған шараны тамашалағандар саны 2 миллион 102 мың 692 адамға жеткен. Келушілердің дені бас сұғатын көрме кешендері арасында «Нұр Әлем» сферасы көш бастап тұр. Диаметрі 80, биіктігі 100 метрді құрайтын сферада электр энергиясы тақырыбы жан-жақты қамтылған. Меймандарды коммерциялық және тақырыптық нысандар ерекше қызықтырады екен. Ал павильондарға келсек, Африка плазасына ағылған елдің қарасы қалың. Өзіндік өнері мен төл мәдениетіне сай халықтық билері мен дәстүрі дүйім жұртты таңдай қақтырып отыр. Келушілер жағынан үздік деп танылған павильондар тізіміндегі ондықта Мысыр, Үндістан, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Таиланд, Жапония және Өзбекстан мен Сауд Арабиясы да бар.