385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкекте бала дәрігерлерінің киім үлгісі өзгерді

  • 616
  • UPD: 18:26, 09.08.2017

Бішкекте жедел жәрдем педиатрларының киім үлгісі өзгерді. Дәлірек айтқанда, енді медицина мамандарының формалары түрлі-түсті болмақ. Ақ халаттылар балалар көңілін осылай ауламақшы екен.

Керік, түрлі-түсті гүлдер, көздің жауын алатын безендірулер. Осылайша Бішкек жедел жәрдем қызметінің педиаторлары жаңа киім үлгілеріне көшті. Дәрігерлер бұл бастама арқылы ақ халаттан арылып, барынша балаларға жақын болуды көздейді. Жаңашылдықтың жағымды тұстары жетерлік деп сендірген дәрігерлер оның оң тұстарына тоқталды.

Роза Рысбекова, педиатрия бөлімінің аға фельдшері:

– Бұған дейін біз ақ костюм киетінбіз. Әрине балалардың бойын бірден қорқыныш билейтін. Ал мына түрлі-түсті киім үлгісін көрген олар бірден күлімдеп қоя береді. Бір жастан асқан сәбилердің барлығы әр нәрсені сезетіні айдан анық.

Жедел жәрдем педиаторлары үшін жаңа киім үлгісінің 50 данасы тігілген. Бірақ оған денсаулық сақтау саласы бюджетінен бір де бір тиын бөлінбеген. Дайын форманы дәрігерлердің қажырлы еңбегі үшін деп қайырымдылық ұйымдарының бірі сыйға тартыпты. Сөйтіп ең озық үлгілер таңдалып, жергілікті сән үйіне табысталған. Сәнгерлер де дәрігерлердің еңбегін елеп, қаржы талап етпеген деседі.

Гүлжан Таштемір, сәбидің анасы:

Халатқа көзім бірден түсті. Әуелі мен оларды дәрігер емес, бәлкім психологтар ма деп ойлағам. Бірақ олар менің баламды қарай бастағанда біздің дәрігер екенін түсіндім. Біз әбден ақ халатқа үйреніп қалғанбыз ғой. Балам түк те жасқанған жоқ. Ол керісінше дәрігерлердің киіміне таңданумен болды.

Педиатрлардың өзі өзгеріске дән риза. Себебі «бүлдіршіндердің қорқып жылауы сап тыйылды», – дейді олар. Түрлі-түсті киім тіпті ересектердің өзіне еріксіз езу тарттырса керек.

Авторы: Бакыт Чермашев

 

Хабар 24 телеарнасы