385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та конфедераттар ескерткіші төңірегінде тәртіпсіздіктер белең алды

  • 472
  • UPD: 18:50, 15.08.2017

АҚШ-та конфедераттар ескерткіші төңірегіндегі дау қайта өршіді. Вирджиния штатында басталған бүлік енді көрші Солтүстік Каролинада белең алған.

Бұл Солтүстік Каролинада орналасқан Дарем қаласы. Жұрт әкімшілік ғимараты алдында 4 жарым метр биіктікке орнатылған «Конфедерация сарбазының» қола ескерткішін қиратты. Жергілікті тұрғындар осылайша нәсілшілдікке қарсы наразылық білдірмек болғандарын айтады.

Негізі конфедераттар ескерткіші төңірегіндегі даудың кесірінен АҚШ-тың шығысында өткен аптадан бері жағдай тыныш болмай тұр. Соған байланысты Шарлоттсвиль қаласында төтенше жағдай да жарияланды. Мұндағы ахуал биліктің шаһар саябағындағы Конфедерация генералы Роберт Лидің ескерткішін алып тастау туралы шешімінен кейін ушыққан. Себебі кейбір тұрғындар өздері мақтан тұтатын тұлғаға қойылған белгінің орнында қалғанын қалайды. Ал оны құлатуға бекінгендердің айтуынша, ескерткіш құлдық дәуірді еске салады. Осылайша пікірі екіге бөлінген жұрт бір-біріне жұдырық ала жүгірді. Тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқандар бар. Жараланғандар да аз емес. АҚШ Президенті кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

– Нәсілшілдік – жауыздықтың белгісі. Сол себепті нәсілшілдік негізінде әрекет еткендер қылмыскерлер деп саналады. Біз АҚШ-та мұндайға жол бермейміз. Өйткені бәріміздің құқығымыз тең.

Алайда жұрттың Президенттің бұл сөзіне сенгісі жоқ. Олардың айтуынша, Дональд Трамп билік басына келген уақыттан бері мигранттар мен өзге дін өкілдеріне қатысты ксенофобиялық көзқарас танытып келеді. «Ақ үй басшысының осындай ұстанымдары жағдайдың бүгінгідей ушығуына сеп болды», – деген Нью-Йоркте ереуіл ұйымдастырған жұрт .

Том Леклэйр, зейнеткер:

– Нью-Йорк – түрлі ұлт өкілдері мен дін өкілдерін құшақ жая қарсы алған қала. Сондықтан біздің шаһар халқы Президенттің нәсілшілдік көзқарастарын қолдамаймыз.

Шарон Джон, зейнеткер:

– Соңғы оқиғалар қара нәсілділердің құқығын қорғаған Мартин Лютер Кинг кезіндегі жағдайды еске салып отыр. Нәсілшілдікке қарсы шыққан қаншама адам неге солақай көзқарастардың құрбанына айналуы тиіс? Өте өкінішті жағдай.

Негізі ереуілшілер Президенттің тек ксенофобиялық көзқарастарын ғана қатаң сынға алып отырған жоқ. Сондай-ақ наразылық шараларына Трапм мырзаның Солтүстік Кореяға қатысты ұстанымы да түрткі болып отыр. Ашынған жұрттың айтуынша, Вашингтон мен Пхеньян арасында жағдайдың ушығуынан ең алдымен жергілікті тұрғындар жапа шегеді. Өйткені бұған дейін Солтүстік Корея әскерилері АҚШ-қа тиесілі Гуам аралын зымыранмен атқылаймыз деп сес көрсеткен болатын.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бекболат Тұрмахан

Хабар 24 телеарнасы