385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасында шиеленіскен мәселе шешімін табады

  • 564
  • UPD: 19:06, 17.08.2017

Осы мақсатта соңғы сегіз жылда алғаш рет Бішкекте екі елдің үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті.

Тараптар даулы жердің 84%-ын осы келісім жобасына қосу туралы хаттамаға қол қойды. 

Қырғызстан мен Өзбекстанға ортақ шекараның жалпы ұзындығы 1400 шақырымға жуық. Осы аралықтағы 58 учаскі даулы аймақ саналады. Бұл өңірлердің тұрғындары арасында түрлі қақтығыстар туындап жүр. Қайшылықтар тіпті шекара қызметкерлері арасында да болып тұрады. Олардың бір-біріне қару кезенген кездері де тіркелді. Сондықтан 2016 жылы іргелес жатқан қос мемлекет шекараның қазығын қайта қағу процесін бастады. Қазір белгісі бекімеген 300 шақырым ғана жер қалды. Ал осы кездесудің негізгі қорытындысы даулы аймақтардың 84%-ын аралық келісімге қосу туралы ортақ хаттама қабылданды.

Жениш Раззаков, Қырғызстан вице-премьер-министрі:

- Бұл үлкен жетістік, әсіресе жұмыс комиссиясына кірген картографтардың еңбегі зор. Істі соңына дейін жеткізу үшін әлі техникалық жұмыстар бар. Ал анклав төңірегіндегі мәселе арнайы талқыланады.

Екі ел арасындағы қарым-қатынастың жақсаруы – экономикалық әріптестіктің дамуына мол мүмкіндік. Бұл туралы қос мемлекеттің үкімет басшылары да айтып отыр. Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеннен кейін Қырғызстанның тауар экспорттау әлеуеті артты. Яғни үлкен нарыққа шығатын жолдар бар. Оның үстіне өзбек өнімдері қырғыз тұтынушылары арасында да айтарлықтай сұранысқа ие болуы мүмкін.

Абдулла Арипов, Өзбекстан премьер-министрі:

- Елде автомобиль құрастыру, тұрмыстық электроника, фармацевтика және мұнай химия саласы жолға қойылған. Ауыл шаруашылығы техникасын шығару мен электротехника және мата өндірісі толықтай алдыңғы қатарлы заманауи технологиямен жабдықталған. Қырғызстанның да дәл осындай мүмкіндіктерге ие екеніне сенімдімін.

Сауда-саттық ауқымы артуы үшін алыс-беріс пен барыс-келіс көбеюі керек. Әрине, тек бизнес өкілдері ғана емес, қарапайым халық та етене жақын болуы тиіс. Сонда туризм дамып, мәдени байланыс артады. Десе де халық арасында да жақсылыққа бетбұрыс жоқ емес. Соңғы уақытта екі ел арасында әрі-бері өткендер саны артқан. Билік басындағылардың айтуынша, шекарадан өтудің жеңілдетілген режимі әлі де сақталады. Осылайша бір жарым жыл бұрын Қырғызстанды қарсылас санайтын Өзбекстан бүгінде әріптес досқа айналып келеді.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы