389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Испанияның Камбрильс қаласындағы лаңкестік шабуылдан 7 адам жапа шекті

  • 439
  • UPD: 11:52, 18.08.2017

Испанияның Камбрильс қаласында да шабуыл жасалды. РИА агенттігінің хабарлауынша, қаскөйлер көшедегі жұртты көлікпен қаққан.

Түрлі мәлімет бойынша, 7 адам жарақат алды. Екеуінің халі ауыр. Арнайы операция барысында 4 қаскүнемнің көзі жойылып, тағы бірі жараланды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Испанияның Барселона қаласының орталығында шағын автобусты тізгіндеген ер адам көшедегі адамдарды қаққан болатын. Соңғы мәлімет бойынша, 13 адам ажал құшып, 100-ден астамы жараланған. 15 науқастың жағдайы ауыр. Қаза болғандар мен жапа шеккендер арасында 18 елдің азаматы бар. Ал шабуыл жасаған қаскөй оқиға орнынан із суытып үлгерді. Қазір оны іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Қастандыққа қатысты 1 күдіктінің көзі жойылып, екеуі тұтқындалғаны белгілі. Артынша бұл шабуылды «Ирак пен Левант лаңкестік тобы» мойнына алды. Ал Испанияда 3 күндік аза тұту жарияланды. Жергілікті билік мұны «соңғы 13 жылда жасалған ең қанды қырғын» деп атады.

Мариано Рахой, Испанияның премьер-министрі:

– Қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын. Бүкіл Барселона жұртшылығымен бірге қайғырып, қабырғамыз қайысып отыр. Үкімет марқұмдардың отбасына және жапа шеккендерге қолдан келгенше көмек көрсетеді. Бұл зұлымдыққа қатысы бас қаскүнемдердің барлығы жауапқа тартылатын болады.

Тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарына лаңкестік болған аумаққа жоламауды ескертті. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де осы Барселонадағы отандастарымызды сақтыққа шақырды. Осыған байланысты жапа шеккендер мен қаза болғандардың арасында ел азаматтарының бар-жоғы анықталып жатыр. Ал Испаниядағы Қазақстан елшілігінде тікелей телефон желісі ашылды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов хабарлады.

Хабар 24 телеарнасы