388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Испания билігі: Барселонадағы теракт - соңғы 13 жылда жасалған ең қанды қырғын

  • 602
  • UPD: 15:19, 18.08.2017

Еуропа үрей құшағында. Бұл жолы лаңкестер арам ойларын Испанияда іске асырды.

Көшедегі жұртты көлікпен қаққан лаңкестердің мойнына жүктегені бейбіт адамдардың қаны. Қастандық әрекеттер Барселона мен Камбрильс қалаларында жасалған.

Кеше кешке Барселона орталығында шағын автобусты тізгіндеген ер адам қаннен қаперсіз көшеде қыдырып жүрген адамдарды қаққан болатын. Соңғы мәлімет бойынша бұл оқиға кезінде 13 адам ажал құшып, 100-ден астамы жараланған. Қаза болғандар мен жапа шеккендер арасында 18 елдің азаматы бар. Ал шабуыл жасаған қаскөй оқиға орнынан із суытып үлгерді. Оны іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Қастандыққа қатысты 2 күдіктінің тұтқындалғаны белгілі. Артынша «Шабуылды екі адам ұйымдастырды. Олар мейрамханалардың біріне бекініп, адамдарды тұтқынға алды» деген ақпар пайда болды. Алайда бұл хабар расталған жоқ. Үрейлі жұрттың кейбірі күдіктілерді тұтқындау кезіндегі арнайы операцияны да кезекті шабуыл деп ойлаған. Ал қастандық әрекетті «Ирак пен Левант лаңкестік тобы» мойнына алды. Испанияда 3 күндік аза тұту жарияланған. Жергілікті билік мұны соңғы 13 жылда жасалған ең қанды қырғын деп атады.

Мариано Рахой, Испанияның премьер-министрі:

– Қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын. Бүкіл Барселона жұртшылығымен бірге қайғырып, қабырғамыз қайысып отыр. Үкімет марқұмдардың отбасына және жапа шеккендерге қолдан келгенше көмек көрсетеді. Бұл зұлымдыққа қатысы бас қаскүнемдердің барлығы жауапқа тартылатын болады.

Араға бірнеше сағат салып, осы Барселонаның өзге ауданында әлдекімдер көлікпен полицейлерді қаққан. Артынша темір тұлпардың ішінен ер адамның жансыз денесі табылды. Әуелде оны тәртіп сақшылары атып өлтірген деген хабар тараған. Алайда кейін марқұмды әлдекімдердің пышақтап кеткені анықталды. Сарапшылардың айтуынша, қаскөйлердің Барселонаны таңдауы бекер емес. Оған жергілікті полицейлердің дайындық деңгейінің төмендігі себеп. Сондай-ақ саяхатшылар арасында үлкен танымалдыққа ие. Лаңкестерге керегі де осы. Олар үлкен резонанс тудыратын шабуылдар ұйымдастыруды көздейді.

Куәгер:

Жұрт арасында дүрбелең туды. Зәресі ұшқан халық расымен не істерін білмей қалды. Полицейлер бізге бірден мейрамхананы жабуға бұйрық берді. Есік-терезенің бәрін қымтап алдық. Бұл сұмдық жағдай. Не боларын білмейсің. Қатты шошынып қалдық.

Мануэль, куәгер:

Бұл жантүршігерлік оқиға. Жұрт зәре-құты қалмай, жан-жаққа бытырай қаша бастады. Мен көп адамның беті-басы қанға боялғанын көріп, қатты шошыдым.

Барселонадағы бұл оқиғалардан кейін Испанияның Камбрильс қаласында тағы бір шабуыл жасалды. Мұнда да қаскөйлер көшедегі жұртты көлікпен қаққан. 7 адам жарақат алды. Екеуінің халі ауыр. Арнайы операция барысында 5 қаскүнемнің көзі жойылды. Жалпы соңғы уақытта Еуропада осы тақылеттес қастандық әрекеттер жиілеп кетті.

Алғашқы шабуылдардың бірі былтыр Францияның Ницца қаласында тіркелген. Жүк көлігін тізгіндеген Мұхаммед Бухлель мерекелік отшашуды тамашалауға жиылған жұртты қақты.

Былтыр Берлинде де ұқсас оқиға болды. Тунис тумасы Анис Амри желтоқсанда рождестволық жәрмеңкеге жиылған жұртты жүк көлігімен жайпап өткен еді.

Ал биыл 52 жастағы Халид Масуд Лондондағы атақты Вестминстер көпірінің үстімен келе жатқан адамдарды қақты.

Араға екі апта салып, Стокгольмде жоғары жылдамдықпен жүйіткіген жүк көлігі көшедегі жаяу жүргіншілерді таптап өтіп, сауда орталығына соғылған.

Ал 2 жарым ай бұрын Лондон көпірінің үстінде қаскөйлер жұртты көлікпен қағып, артынша базардағы халыққа пышақ ала жүгірген. Сөйтіп соңғы уақытта лаңкестер жарылыс ұйымдастыруды қойып, бейбіт жұртты көлікпен қағу шабуылдарын үдетті. Соның салдарынан Кәрі құрлықты үрей кезіп, халықтың берекесі қашты.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Жадыра Джазина 

Хабар 24 телеарнасы