386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үш күннің ішінде түріктің екі мейрамханасы лаңкестік шабуылға ұшырады

  • 735
  • UPD: 20:58, 19.08.2017

3 күннің ішінде екі түрік мейрамханасы лаңкестік шабуылға ұшырады.

Атап айтсақ, 14 тамызда бір топ жанкешті Батыс Африкадағы Буркина-Фасо мемлекетінің астанасы Уагадугу қаласындағы танымал «Азиз Ыстамбұл» түрік мейрамханасы мен қонақүйге оқ жаудырған болатын. Ал күні кеше Барселонаның атақты туристік орталығы Рамбла көшесінде ойран салған қаскөйлер іле-шала «Luna de İstanbul» түрік мейрамханасын да шабуылдаған. Бұл террорлық оқиғалар бір-бірімен қаншалықты байланысты? Лаңкестік топтардың көздегені не?

Жуырда түрік үкіметі Хатай провинциясының Сириямен шекарадағы «Джилвегөзю» бақылау-өткізу пунктінен гуманитарлық жүктерден бөлек көлік қозғалысын шектеді. Ресми Анкара бұл шешімді террорлық қауіпке байланысты қабылдап отыр. Егер ұлттық қауіпсіздігімізге қандай да бір нұқсан келсе, «Евфрат қалқаны» әскери операциясын қайта бастайтынын мәлімдеді.

Бұл ақпарат Сириядағы күрд жасақтары мен ТГИЛ содырларының төбесіне жай түскендей есеңгіретіп тастаса керек. Өйткені 7 айға созылған әскери операция барысында Сирияда 3 мыңнан аса содырдың көзі жойылып, Джераблус, Әл-Рай, Әл-Баб сынды маңызды қалалар түгелімен ТГИЛ-дан тазарды. Сондықтан түрік мейрамханаларына жасалған террорлық шабуыл әскери іс-қимылға қарсылық әрекеті деп бағамдауға болатындай.

Себебі Нишанташи университеті халықаралық қатынастар факультетінің профессоры, белгілі саясаттанушы Куртай Караджа Буркина-Фасо мен Барселонадағы лаңкестік оқиғаның бір ұшы Түркияға да тигенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, түрік қарулы күштері Таяу Шығыс аймағында бір емес, бірнеше террорлық ұйымға қарсы күрес жүргізіп келеді.

Куртай Караджа, Нишанташи университетінің профессоры:

– Түркия Сирияда тек ТГИЛ-мен ғана емес, күрд жасақтарымен де кескілескен ұрыс жүргізіп жатыр. Әсіресе «Евфрат қалқаны» әскери операциясы кезінде лаңкестік топтарға ойсырата соққы берілді. Келешекте Африн провинциясында күштік құрылымдар әрекетке көшуі мүмкін. Оған қарсылық ретінде содырлар түрік мейрамханаларын нысанаға алды деп, дәл қазір кесіп айту қиын шығар. Дегенмен үш күннің ішінде түріктің 2 мейрамханасында болған қанды қырғынды жылы жауып, немқұрайлы қарауға болмайды.

Буркино-Фасода болған лаңкестік шабуыл 20-ға жуық адамның өмірін жалмады. Бұл азаматтар әлемнің 18 елінің өкілдері. Ал Барселонадағы қайғылы оқиғада 34 елдің азаматы зардап шеккен. Куртай Караджа содырлар жымысқы әрекеттерін іске асыру үшін шетелдіктер шоғырланатын қоғамдық орындарды әдейі таңдап алғанын алға тартып отыр.

Куртай Караджа, Нишанташи университетінің профессоры:

– Неге Барселона? Өйткені лаңкестік оқиға болған алаң – дүниенің төрт бұрышынан туристер ағылып келетін танымал орындардың бірі. Сондықтан содырлар террорлық әрекеті арқылы тек Испанияны ғана емес, ол жерге саяхаттап келген барлық елдің өкілдеріне бірдей қауіп төндіріп, айналаға қайғы-қасірет жаюды көздеп отыр. Лаңкестік топтардың мақсаты қорқыту, адамдардың бойына үрей салып, елді бейберекетсіздікке апару екенін ұмытпауымыз тиіс.

Атап өту керек, Испаниядағы лаңкестік оқиғаны «Ирак және Левант лаңкестік тобы» өз мойнына алды. Қазіргі таңда испан құқық қорғау органдары марокколық Юнес Абуякуб есімді қаскөйді іздестіріп жатыр.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы