386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда жаңа премьер-министр сайланды

  • 456
  • UPD: 20:27, 26.08.2017

Бұл лауазымға президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Сапар Исаков тағайындалды.

Ал бұған дейінгі үкімет басшысы Сооронбай Жээнбеков өз еркімен қызметінен босап, алдағы қазан айында өтетін Президент сайлауына қатысуға ниет білдірді. Қырғыз Республикасының басшысы Алмазбек Атамбаев жаңа премьердің тағайындалуы туралы жарлыққа қол қойды.

Заң шығарушы органда жаңа премьер-министрдің кандидатурасы қызу талқыға салынды. Парламент депутаттары Сапар Исаковқа сан түрлі сауалдар қойып, жан-жақты білім-біліктігілігін байқауға тырысты. Оның үстіне, халық қалаулылары тарапынан тағы бір маңызды жайтқа зор қызығушылық байқалды. Себебі Қырғыз елі Президент сайлауынан кейін саяси тұрғыда түрленуі мүмкін. Дегенмен Сапар Исаков бұл жағдайдан гөрі халықтың әл-ауқатын арттыруға баса көңіл бөленетін анық аңғартты. Сол арқылы өзінің қысқамерзімді бағдарламасын таныстырды.

Иса Омуркулов, Қырғыз Республикасы Парламентінің депутаты:

- Жаңа премьер бағдарламасының болашағы бар деп ойлаймын. Ендігі мәселе оның бұл жоспарды қалай жүзеге асыра алатындығында. Ойға алған мақсат-міндетті орындау оңай емес. Сондықтан министрлер жаңа үкімет басшысына барынша көмектесуі керек.

Экономика, қаржы және күш құрылымдары. Сапар Исаковқа қарасты бұл салаларға жаңа басшылар келеді. Ал премьер-министрдің бірінші орынбасары болып Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Толкунбек Абдыгулов тағайындалды. Ел валютасының бағамын қиын-қыстау кезеңде тұрақты деңгейде ұстай білген атқамінер өз міндетін енді жоғары мінберде жалғастыруы тиіс. Сол секілді Сапар Исаковтың тағы бір орынбасары ретінде Темір Джумакадыров таныстырылды. Бұған дейін Қауіпсіздік кеңесін басқарған азаматтың бұл лауазымға тағайындалуы күш құрылымдарының рөлін күшейте түсті. Ал экономика министрлігінің тізгіні 30 жастағы Артем Новиковке бұйырды. Осылайша үкімет құрамындағы ең жас басшыға зор жауапкершілік жүктелді.

Ақылбек Жапаров, Қырғыз Республикасы Парламентінің депутаты:

- Парламенттегі біздің фракция алдағы 40 күннің ішінде нақты жұмыс жоспарын дайындауды талап етті. Онда қаржыландыру көздері мен жауапты тұлғалардың есімі жазылуы тиіс. Себебі бұған дейінгі үкімет өкілдері жоспарларын үнемі кейінге шегеріп отыратын.

Сапар Исаков Президент әкімшілігін басқарғанға дейін осы мекеменің ішкі саясат бөлімінде жетекшілік етті. Сарапшылардың айтуынша, ол көптеген мемлекеттік және халықаралық ұйыммен берік байланыс орната білді. Сондықтан жаңа басшы артылған жауапкершілікті абыроймен көтереді деген сенім білдірілді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы