386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытай инвесторлары Лондондағы ғимараттарға үлкен қызығушылық танытып жүр

  • 430
  • UPD: 16:26, 28.08.2017

«Брекситтен» кейін олар сатып алған жылжымайтын коммерциялық мүліктің саны 3 есе артқан.

Бір сарапшылар бұл үрдісті экономикалық жағынан түсіндірсе, енді бірі аспан асты еліндегі саяси жағдаймен байланыстырады.

Өткен жылдың бірінші жартысында Қытай инвесторларының Лондондағы жылжымайтын коммерциялық мүлікке салған қаржысы 1 млрд 100 млн долларды құрады. Бірақ биылғы 6 айдың ішінде оның көлемі 3 млрд 900 млн долларға жетті. Ағылшын астанасындағы «Лиденхолл», «Уоки-Токи» сияқты кей зәулім үйлер сұранысқа ие.

Вики Прайс, Cebr компаниясының бас кеңесшісі:

– Фунт стерлингтің құны арзандап, жылжымайтын мүлік бағасы да түсіп кетті. Оларды қытайлар ғана емес өзгелер де сатып алып жатыр. Өйткені бағаның өсетінін біледі. Себебі бұл қауіпсіз салым.

Бірақ мәселенің саяси жағы да бар. Мысалы сарапшылар Пекиннің автономды әкімшілік аудандарды бақылауы күшейіп, Гонконгтан капиталдың ағылуына әкеп отыр дейді.

Кен Оделуга, City Index Market компаниясының сарапшысы:

– Әрине бұл жерде мүмкіндіктер мол, өйткені «Брекситтен» кейін жылжымайтын мүліктен түсетін кіріс азайып кетті.

Алайда осындай жағдайды басынан кешіріп отырған Еуропалық Одақты бұл үрдіс қауіптендіре бастады. Өйткені аспан асты елінің инвесторлары жай жылжымайтын мүлікті ғана емес мемлекеттік маңызы бар нысандарға да көз тіккен. Сондықтан кәрі құрлық бұл саладағы тәртіпті қатаңдатуды қолға алды.

Вики Прайс, Cebr компаниясының бас кеңесшісі:

– Еуропалық одақта осындай жағдай қалыптасып отыр. Көптеген мемлекеттік өнеркәсіп пен фирма сатып алынды. Мысалға Грекиядағы портты, тағы басқа нысандарды айтуға болады.

Десе де Одақтан шыққан Ұлыбританияны Қытай инвесторлары әзірге алаңдатып отырған жоқ. Жақында гонконгтық инвесторлар Лондонның тағы бірнеше зәулім үйін сатып алмақ.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Мақсұт Меделханов

Хабар 24 телеарнасы