389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Ирма» тропикалық дауылының салдарын жою жұмыстары басталды

  • 553
  • UPD: 10:07, 13.09.2017

Кәріб бассейні елдері мен АҚШ жұртшылығын әбігерге салған «Ирма» тропикалық дауылы әлсірей бастады. Билік келтірілген шығын көлемін есептеп, табиғи апат салдарын жоюға кіріскен. Соңғы мәлімет бойынша, дүлей дауыл мен толассыз жауын 50-ге жуық адамның өмірін қиған.

«Ирма» дауылынан кейін Кәріб теңізіндегі Барбуда аралының басым бөлігі адамдардың тіршілік етуіне қолайсыз болып қалды. Өйткені туристер арасында аса танымал аралдағы ғимараттардың 90 пайызы айтарлықтай зақымданған. Сен-Мартен аралындағы жағдай да осындай. Мұндағы үйлердің 70 пайызы жермен жексен болды. Ол аздай жағдайды пайдаланған қарақшылар дүкендерді тонауға көшкен. Ал Виргин аралдарында жүзден астам сотталушы мүмкіндікті пайдаланып, қираған түрмеден қашып шыққан. Куба жұртшылығы табиғат апатының мұншалықты сергелдеңге салатынын күтпегендерін айтады.

Гавана тұрғыны:

­− Бұрын-соңды мұндай жағдайды көрген емеспін. Билік бізді «Ирма» дауылы Гаванаға жетпейді деп сендірді. Алайда көріп тұрғандарыңыздай, олардың сөзі жалған болып шықты.

Ал АҚШ билігі алдын ала қамданып қойған. Флорида штатында төтенше жағдай жарияланып, өңір халқының төрттен бір бөлігі эвакуацияланды. Мұнда Майами қаласы қатты жапа шеккен. Шаһардың көп бөлігін су басты. Флоридада  күрделі жағдайды пайдаланып, дүкендер мен үй тонаған 30-ға жуық адам қолға түсті.

Негізі осының алдында ғана елде «Харви» дауылы ойран салып, елдің есін шығарған болатын. Биліктің мәлімдеуінше, бұл екі дауылдан келген материалдық шығын 300 миллиард долларға дейін жетеді. Бұл АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінің бір жарым пайызы. Табиғат апатынан жапа шеккендерге шұғыл көмек көрсету үшін Сенат тіпті мемлекеттік қарыз шегін ұлғайтқан. Ал Флорида штатының билігі: «Эвакуацияланған тұрғындардың дені үйлеріне кемі бір аптадан кейін ғана орала алады», −­ деп отыр.

Рик Скотт, Флорида штатының губернаторы:

− Үйге оралмас бұрын өміріңізге ешқандай қауіп төнбей тұрғанына көз жеткізіңіз. Бұл аса маңызды. Дауылдың беті қайтты, сондықтан алаңдайтын түк те жоқ деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Көп жерде электр желілері үзілген, үйінділердің барлығы бірдей аршылып біткен жоқ.

Мамандардың айтуынша, «Ирма» дауылының әлегі бірнеше рет әлемдік рекорд орнатқан. Біріншіден, ол Атлант мұхитында пайда болған ең жойқын дауыл. Екіншіден, 3 тәулік бойы оның қауіптілік деңгейі ең жоғарғы бесінші деңгейден түспей қойды. Сондай-ақ тропикалық дауыл АҚШ тарихында халықты жаппай эвакуациялауға мәжбүрледі.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Хасенқызы

Хабар 24 телеарнасы