388,70 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Рохинджа босқындарына халықаралық қайырымдылық қоры көмек көрсетіп жатыр

  • 487
  • UPD: 18:11, 22.09.2017

Бангладеште «Аштықпен күрес» Халықаралық қайырымдылық қоры босқындарға арналған лагерьлердегі 86 мың рожинджаны күн сайын тамақтандыруды қолға алмақ.

Сондай-ақ мұндай игі шараны жыл соңына дейін жалғастыратындарын айтып отыр. Мамандар: «Көмек ең алдымен әлсіз әрі қамқорлыққа аса зәру жандарға көрсетіледі», дейді. Ал Бангладеш билігінің мәлімдеуінше, қазір ел аумағында 800 мыңнан астам рохинджа босқыны бар. Олардың 400 мыңнан астамы Ракхайн штатындағы әскери қимылдардан соң бас сауғалап қашып келгендер. Бірақ олар орналасқан Кокс-Базар аймағында маусымдық жауын басталып, лагерьлерді су басып кетіп жатыр. Осыған байланысты жергілікті билік 100 мың адамды қауіпсіз аймаққа көшіруді бастады. Сондай-ақ үлкен лагерь құру жоспарда бар екенін жеткізді.

Мұхаммед Махади, Аштықпен күрес халықаралық қайырымдылық ұйымының өкілі:

- Біз лагерьдегі босқындарға күн сайын «кичкури» деп аталатын күріштен дайындалған ыстық тамақ пен тәттілер беруді және ауызсумен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл тамақтар тойымды әрі нәрлі. Қазірге дейін 200 мың адамды ауқаттандырып, күн сайын тағы қосымша 50 мың босқынды қамтуға тырысып жатырмыз.

Ал Бангладеш премьер-министрі Шейх Хасина Мьянманың Ракхайн штатындағы жағдайды реттеуге қатысты алты нақты қадам ұсынды. Оның ішінде қақтығысты доғару, Мьянма аумағында қауіпсіз аймақ құрып, Консультативті комиссия жасақтау бар. Сондай-ақ Дакка Мьянма билігін рохинджа халқын бенгалдықтар деп қудалауды тоқтатып, Бангладешке бас сауғалап келген 400 мың адамды өз жеріне қайта қабылдауға шақырды.

Хабар 24 телеарнасы