382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тереза Мэй Британияның Еуроодақтан шығу үшін қанша ақша төлейтінін айтпады

  • 476
  • UPD: 20:50, 23.09.2017

Ұлыбритания премьер-министрі Біріккен Корольдіктің Еуроодақ құрамынан мерзімінен бұрын шығатындығы жайлы тараған қауесетті жоққа шығарды. Тереза Мэй Италияда Еуроодаққа мүше елдердің басшылары алдында сөйлеген сөзінде Брекзит процесі 2019 жылы аяқталатынын мәлімдеді.

Еуроодақ пен Ұлыбритания арасындағы келісімдердің орындалуы екі жылға созылады. Премьер-министр Тереза Мэйдің есебі осындай. Бұл мерзім ішінде Еуроодаққа мүше елдердің азаматтары Ұлыбританияда емін-еркін жүріп тұра алады, бірақ кейін тіркеуден өтіп отыруға міндеттеледі. Ортақ нарық та қолжетімді болмайды. Сонымен қатар Тереза Мэй Біріккен Корольдіктің Еуропалық одақта өзін ерікін сезінбегенін және Еуроодақ Ұлыбритания ұлттық тарихының ажырамас бөлігі деп айтуға келмейтіндігін жеткізді. Дегенмен, мықты дос әрі әріптес болатындығына сендірді.

Тереза Мэй, Ұлыбритания Премьер-министрі:

- Біз Еуропалық одақпен қоян-қолтық жұмыс істейтін боламыз. Бірақ оның құрамдас бөлігі бола алмаймыз. Біріккен Корольдік Еуроодақпен тығыз және өзгеше әріптестік қарым-қатынас орнатуға ұмтылмақ және бұл жаңа экономика мен қауіпсіздік мәселелерін толық қамтуы керек. 

Көпшілік Тереза Мэйден Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы үшін төлеуі тиіс қаражаты туралы естігісі келген еді. Бірақ олай болмады. Премьер-министр тек Брекзиттің ауыр процесс екендігін айтып, келіссөздердің қатысушыларын жетістікке жетудің жолдарын бірге іздеуге шақырды. Ал сарапшылар болса, Еуроодақ пен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынасқа сызат түспейді деп отыр.

Джонатан Авес, сарапшы:

- Меніңше, бұл барлық тарап қызығушылық танытуы тиіс ортақ іс. Бір мәмілеге келіп, мәселені шығынсыз шешудің жеңіл түрлері пайда болады деп ойлаймын.

Біріккен Корольдік пен Еуроодақ арасындағы келіссөздердің келесі айналымы 25 қыркүйекте өтеді. Лондон бұл жолы Еуроодақтан іргесін ажыратқаннан кейін жүргізетін сыртқы саясат стратегиясына байланысты өз жоспарларымен бөліспек.  

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы