384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Венесуэладағы саяси және экономикалық дағдарыс ушығып барады

  • 727
  • UPD: 17:28, 28.09.2017

Азық-түлік пен басқа да қажетті заттардың тапшылығына енді жанар-жағармайдың жетіспеушілігі қосылды.

Николас Мадуро билігі ел экономикасын тұрақтандыру  үшін түрлі шараларды қолға алып жатыр. Бірақ оның ешқайсы әлі тиімділігін көрсеткен жоқ.

Венесуэла өз тарихында ең ауыр экономикалық кезеңді бастан кешіріп жатыр. Қазір әлемде мұнайға бай елдің бірінде жанар-жағармай тапшы. Жүргізушілер көлікке жағармай құю үшін ұзын-сонар кезекке тұрып, 4-5 сағат уақытын жоғалтады. Өнім тапшылығынан Каракастағы жанармай бекеттері жабылуға мәжбүр. Бұл азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да тұрмысқа қажетті заттар жетіспей жатқанда, елдегі жағдайды одан сайын ушықтыра түсті.

Марбелла Домингез, Каракас қаласының тұрғыны:

Қарқынды дамыған елдің мұндай жағдайға түсуі біздің құлдырап бара жатқанымызды білдіреді. Елде тіпті жанар-жағармай да жоқ. Ол ең арзан және мол көлемде болып, қазіргідей мәселе туындаған емес.

Изабелла Сантарзолла, Каракас қаласының тұрғыны:

Бұл қазіргі үкіметтің біліксіздігін ашық көрсетіп отыр. Мұнайға бай елдің осындай мүсәпір халге түсуі тіпті ұят.

Ел президенті Николас Мадуроның айтуынша, Венесуэладағы ахуалға АҚШ-тың экономикалық санкциялары мен сыртқы жаулардың әрекеті себеп. Тіпті елдің Сыртқы істер министрлігі Құрама Штаттардың басшысын мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынып отыр деп айыптады. Президент Дональд Трамп болса Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Венесуэладағы дағдарысқа Мадуро билігінің жемқорлыққа батуынан деп мәлімдеді.

Хорхе Арреса , Венесуэла Ішкі істер министрі:

– Президент Дональд Трамп Венесуэла халқына қоқан-лоқы жасап, сес көрсетуі елдің егемендігі мен бейбітшілігіне қауіп төндіріп отыр. АҚШ экономикалық санкциялар арқылы Венесуэланың мемлекеттік басқаруын өзгертуді қалайды.

Ал Венесуэла билігі АҚШ пен басқа елдердің салған экономикалық санкцияларына қарсы тұру үшін түрлі шараларды қолға алып жатыр. Жақында Мадуро билігі мұнай экспортын доллармен емес еуромен есеп айырысатынын мәлімдеді. Бұдан бөлек президент Николас Мадуро долларға балама болатын әлемдік валютаны құруды қолға алуға ниетті екенін жеткізді. Алайда сарапшылар елдегі экономикалық дағдарыс сыртқы күштердің әрекеті емес, ішкі саяси жағдайдан туындап отырған мәселе дейді.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Жания Оразымбетова

Хабар 24 телеарнасы