378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британияда Brexit қарсыластары шеруге шықты

  • 372
  • UPD: 15:23, 02.10.2017

Ұлыбританияның Манчестер қаласында Брекзитке қарсы наразылық шеруі болып, шараға 30 мыңнан астам адам қатысты. Шерушілер Еуропалық Одақтың туын желбіретіп, ұйымнан шықпауға шақырды.

Ал кей адамдар премьер-министр Тереза Мэйден Брюссельмен тығыз қарым-қатынас орнатуды сұраса, енді біреулері үкімет басшысынан қызметінен кетуді талап етіп жатты. Наразылық акциясы Консервативтік партияның жыл сайын өткізетін жиынына орай ұйымдастырылған. 4 күнге созылатын конференцияның басты тақырыбы да Тұманды Альбионның Еуроодақтан шығу процесі болмақ.

Блиц:

- Мен Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуын қаламаймын. Біз бұған қарсы тұруымыз керек. Бұл мен үшін де басқа азаматтар үшін де маңызды.

- Біз жастардың үнін естігіміз келеді. Өйткені 18-ге толмағандардың көбі дауыс бере алмады. Бірақ олар ұйымнан шығуға қарсы. Өйткені бұл біздің болашағымыз. Сондықтан билік Одақтан шығуға қарсы екенімізді ескеруі тиіс. 

Қазір Ұлыбритания Еуропалық Одақпен елдің ұйымнан шығуы туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Саяси процесс көптеген қиыншылыққа тап болып отыр. Мемлекет Одақты 2019 жылы наурыз айында тастап шығуы тиіс. Бірақ ағылшын үкіметінің басшысы Тереза Мэй келіссөз сәтсіздікке ұшыраған жағдайға да жоспар дайындап жатқанын жеткізді.

Хабар 24 телеарнасы