387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Каталония билігі арнайы комиссия құру жөнінде шешім қабылдады

  • 489
  • UPD: 13:43, 03.10.2017

Оның мүшелері автономдық аймақтың тәуелсіздігі туралы референдум өткізу кезінде полицейлердің зорлық-зомбылық көрсету деректерін тергеумен айналысады.

Бұған дейін БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары да ресми Мадридті осы мәселеге қатысты жіті тексеру жүргізуге шақырған болатын. Каталония үкіметінің басшысы Карлес Пучдемон орталық биліктен референдумды өткізуге тосқауыл қою үшін өңірге арнайы жіберілген күштік құрылым өкілдерін кері қайтаруды талап етіп отыр.

Карлес Пучдемон, Каталония үкіметінің басшысы:

- Тәртіп сақшыларының күш қолдануы және қызметтік өкілетін асыра пайдалануы жөнінде Каталония тұрғындарынан түскен арыз-шағымдар жетіп артылады. Олардың әрқайсысы жіті тексеріледі. Арнайы комиссия құрудағы басты мақсат та осы. Бұл оқиғаларға қатысты әділ тергеу жүргізу үшін Испанияның орталық билігі мен Каталония үкіметі ғана емес, өзге тараптар да араласуы тиіс.

Каталония автономиялық аймағының Испаниядан егемендік алу туралы референдумы 1 қазанда өткен болатын. Қорытынды бойынша, шараға қатысқандардың 90%-дан астамы Каталонияның тәуелсіздігін қолдап, дауыс берген. Ресми Мадрид бұл шара конституцияға қайшы келеді дегенді алға тартып, оның өткізілуіне кедергі келтіруге тырысқан. Полицейлер дауыс беруге арналған бюллетеньдер мен арнайы жәшіктердің біразын күштеп тартып әкеткен. Сайлау бөлімшелері маңында тұрғындар мен полицейлер арасында қақтығыстар болған. Соңғы мәлімет бойынша, текетірестер салдарынан мыңнан астам адам жапа шеккен.

Хабар 24 телеарнасы