389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЮНИСЕФ өкілі: Рохинджа босқындары жан төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр

  • 616
  • UPD: 18:04, 09.10.2017

Бангладеш жағалауында рохинджа мұсылмандары мінген қайық аударылып, 2 адам қаза тапты.

Тағы отызы ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Қайғылы жағдайға ұйытқыған жел себеп болды. Мамандар тек 8 жолаушыны ғана аман алып қалды. Қазір өңірде іздестіру-құтқару операциясы жүріп жатыр.

Айта кеткен жөн, тамыздың соңында рохинджа өкілдерінен құрылған қарулы топ полиция бекеттеріне шабуыл жасаған еді. Осыдан кейін аймақтағы жағдай шиеленісіп, қарапайым халық Бангладешке бас сауғалай бастады. Сөйтіп екі ай ішінде көрші ел аумағына ағылған босқындар саны 800 мыңнан асып кеткен. БҰҰ мамандарының айтуынша, қазір олар тұрып жатқан лагерьлерде азық-түлік пен ауызсу тапшы. Халықаралық ұйым өкілдері «алдағы уақытта бұл жағдай гуманитарлық апатқа айналуы мүмкін» деп қауіптеніп отыр.

Сакил Файзулла, ЮНИСЕФ өкілі:

- Рохинджа босқындары жан төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр. Біз олармен ашық әңгімелесіп, біраз жайға қанықтық. Мәселен, лагерьде тұратындар күніне ары кетсе бір рет қана тамақтанады екен. Қазір 150 мыңға жуық бала мен әйелге шұғыл көмек қажет. Өйткені оларға аштық қаупі төніп тұр. 

Келесі аптада Еуроодақ елдері мен АҚШ өкілдері Мьянманың жоғары лауазымды генералдарына қарсы санкциялар енгізу мәселесін талқылауы керек. Бұл туралы Рейтер агенттігі хабарлайды. Егер тиісті шаралар қабылданса, әскерилердің активтері бұғатталады. Сондай-ақ бұл азаматтарға АҚШ-қа сапар жасауға тыйым салынуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы