ЕХРО 2017 көрмесі Украина мен Қазақстан қарым-қатынасын нығайта түсті

Украина елімізде өткен ЕХРО 2017 көрмесінен «Тақырыпты аша білу» номинациясын жеңіп алып, қола жүлдеге ие болды.

«Ең үздік бағдарлы бизнес стенді» атағын да иемденген. Сонымен қоса көрмеге қатысушы елдермен 11 меморандумға қол қойып, бірқатар коммерциялық келісімшартқа отырды.

ЕХРО 2017 украиналықтар үшін нағыз сынақ болды. Өйткені мемлекет мұндай шараға біраз жыл қатыспаған. Қаржы тапшылығы мәселесі тағы бар. «Соған қарамастан намысты қолдан бермеуге тырыстық», – дейді украиналықтар. «Тақырыпты аша білу» номинациясы бойынша берілген қола мүсін соған дәлел. Ол мемлекеттің жасыл энергетика саласында зор әлеуетке ие екенін білдіреді.

Сергей Савчук, Украина мемлекеттік агенттігінің басшысы:

– Бірнеше аталымда жүлдегер атану еліміздің тиімді жұмыс атқарғанын білдіреді. Павильонымызда жүзден аса жоба ұсынылды. Олар күннен, жел мен биомассадан қуат алуға арналған. Енді жобаларды іске асыру үшін инвесторларды күтіп отырмыз. ЕХРО аясында біз бірнеше елдің компанияларымен меморандумға қол қойдық.

Астанада өткен көрме Украина мен Қазақстан қарым-қатынасын нығайта түскені рас. Шара аясында қос мемлекет ортақ бизнес-форум өткізіп, екіжақты жобаларды жүргізуге келісті. 

Сергей Свистиль, Украинаның сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті:

– Көрме Украина мен Қазақстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға тағы бір мүмкіндік болды. Біздің бизнес-форумға 50-ден астам қазақстандық компания қатысты. Украинамен ынтымақ орнатуға ниет білдірігендер көп болды. Алдағы уақытта олармен жұмыс бастап, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттеніп отырмыз.

Татьяна Люлька Астанада өткен көрмеге Украинаның екі бірдей бизнес делегациясын алып келді. Бизнес-журнал редакторы екі ауқымды жобаны іске асыра алғанын айтады. Сөйтіп Татьяна ханым Астанада «Балалардың мамандар қаласы» шарасын өткізіп, өз өкілдігін ашқан. 

Татьяна Люлька, «Community» журналының шеф редакторы:

Астанадағы көрменің арқасында еліміз өз мүмкіндіктерін жария етуге қаншалықты дайын екенін түсіне алды. Жасыратыны жоқ, кейбір жағдайда әлі дайын емеспіз. Кейбір жобаларды аяғына дейін жеткізу керек. Десе де Украинада беделді компаниялар аз емес. Бізде түрлі технологиялар бар. Оларды сатуға да мүмкіндігіміз бар.

ЕХРО 2017 барысында украиналық павильонда шамамен 900 мың адам болыпты. Арасында бизнес өкілдерімен қатар туристер де бар. Ал көрмеге қатысушы елдер арасында Астанаға ең көп жолаушылар дәл осы Украинадан келген екен.

Авторлары: Анна Панащук, Михаил Мищенко