378,86 417,79 6,08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада «Smart robots» көрмесін күніне екі мыңға жуық көрермен тамашалайды

  • 597
  • UPD: 13:52, 07.11.2017

Киевте «Smart robots» деп аталатын ғылыми-ойын-сауық көрмесі өтіп жатыр.

Мұндағы роботтарды құдды әртіс деуге әбден болады. Олар би билейді, ән салады, әңгіме айтады. Ең бастысы роботтар – украин халқының жасы мен жасамысын ғылыми жаңалықтармен таң қалдырды. Бір күнде «Smart robots» көрмесін екі мыңға жуық көрермен тамашалаған. Жасы енді ғана бірге толған робот Данко өзін өте білімді деп есептейді. Оның жүріс-тұрысы, салмақты қалжыңы, балаларға деген ыстық ықыласы тамсандырмай қоймайды. Ол билеп те бере алады.

Дарья Науменко, «Smart Robots» көрмесінің PR менеджері:

– Мұндай ғылыми әрі ойын-сауық көрменің басты мақсаты – халықты робот техникасымен жақынырақ таныстыру, бұл саланың өте қызықты екенін көрсету. Және программистерге техниканы әлі де дамыта түсу қажеттігін жеткізу. Көрмеге келушілердің көбісі – мектеп оқушылары. Сондықтан алдағы айда көрме жанынан робот техникасы және әуе модельдеу мектебі ашылмақ.

«Smart robots» көрмесі көбіне мектеп оқушыларының көңілінен шыққаны рас. Күніне көрмені 200-ден 2000-ға дейін адам аралайтынын еске алсақ, олардың жартысынан көбісі – жас ұландар.

Артем Брусенцев, көрмеге келуші:

– Ғарышқа ұшсам деген арманым бар, сондықтан осындай техникаларды жақсы көремін. Данко маған ұнады, ұшатын роботтардан алған әсерім ерекше.

Көрмеге роботтар әлемнің Қытай, Америка, Тайвань, Корея сияқты елдерінен жеткізілген. Алайда оларды украин программистері жетілдіріп, жаңадан жасап шығарады. Мұнда тұрмысқа қажетті роботтарды да кездестіруге болады. Оларға терезе, еден жуу ешқандай қиындық туғызбайды. Қажет болса, каратэ көрсетіп, ксилофонда ойнап береді.

Ақылды робот Медеяның формасы аққу тәріздес. Ол әдемі қалжыңдай алады. Сұраққа жауап беріп, қажет болса баланы да баға алады. Бір қызығы, Медея қазақ тілін де оңай меңгеріп ала-алатын алғырлығымен таң қалдырды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы