386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан соты Карасу ауданының тұрғындарын күштеп көшірмек

  • 464
  • UPD: 15:29, 13.11.2017

Қырғызстандағы Карасу ауданының тұрғындары сот арқылы күштеп көшіріледі.

Жергілікті билік осындай шешім қабылдап отыр. Өйткені олар халықтың амандығы үшін алаңдаулы. Бұл ауданда лай көшкіні мен сел жүру қаупі жоғары. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, өміріне қатер туындағанына қарамастан, тұрғындар үйреншікті жерінен кетуге асығар емес.

Ош облысындағы Карасу ауданы Қырғызстанның оңтүстігінде орналасқан. Мұнда жыл сайын лай көшкіні жүреді. Тау бөктеріндегі ауылдарды қасқағым сәттің ішінде лай басып қалған жағдайлар да кездескен. Ал биліктің тұрғындарды қауіпті аймақтан көшіруге тырысып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Алайда халық оған қарсы.

Саламат Аламанов, ҚР Географиялық қоғам президенті:

– Үкімет бұл аудан тұрғындарына ақша бөліп, жаңа орындар ұсынған болатын. Алайда жұрт алған бетінен қайтар емес. Олар жаңа жерде қалыпты өмір сүріп кетуіміз екіталай деп отыр.

Қауіпті алдын ала болжау оңай емес. Мәселен, биыл небәрі 5 айдың ішінде елде 158 мәрте лай көшкіні жүрген. Табиғат апаты 34 адамның өмірін қиды. Құтқарушылар болжамдар жасау департаменті арқылы халыққа ескерту беріп жатыр. Олардың өкілеттігі тек осымен ғана шектеледі екен.

Эльмира Шеримкулова, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы:

– Болжамдар жасау департаментінің мамандары жоспарға сай қауіпті аймақтарды тексеріп отырады. Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша мемлекеттік әкімшілік басшылары мен жергілікті билікке ұйғарым беріледі. Олар өз кезегінде тұрғындарды көшіруге қатысты тиісті шаралар ұйымдастыру керек.

Енді Қырғызстан билігі алғаш рет Карасу ауданындағы түйткілді сот арқылы шешкелі отыр. Жаңа ауылға жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жол салынып, су мен жарық тартылған. Баспана тұрғызу үшін ипотекалық несие беру мәселесі де шешілген. Сөйтіп қауіпті аймақта тұратын 18 мыңнан аса отбасына жер телімі бөлініп, үй салуға қаржы беріліпті. Бүгінде оның 14 мыңы көшіп кеткен. Алайда 2318 отбасы қоныс аударудан үзілді-кесілді бас тартып, айтқанынан қайтпай отыр. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы