386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украиналық жылқы шаруашылығы «қымыз терапиясын» қолға алмақ

  • 1479
  • UPD: 15:34, 13.11.2017

Қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыз Украина халқының да үлкен сұранысына ие бола бастады.

Киев маңындағы жылқы зауыты күніне жүз литр қымыз дайындайды. Оның туберкулез бен көкжөтелді емдеудегі ерекше қасиетін бүгінде жергілікті тұрғындар түсініп, тапсырысты ұлғайтыпты.

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», – деп ұлы Абай жырлаған жылқылар дәл осы ат фермасында жүргендей әсер қалдырды. Шетінен сұлу арғымақтары, бойы биік биелері мен тай-құлындары бар бұл ат зауыты осыдан 13 жыл бұрын бой көтерген. Бүгінде елдегі ең ірі шаруашылық жүзге жуық жылқы ұстайды әрі тәулік бойы қымыз саудасын қыздырып отыр.

Анатолий Крамор, жылқышы:

– Қолдағы жылқыларға тек таза тамақ – құнарлы шөп, бидай дәнін береміз. Жаз кезінде жасыл жайлауда бағылады. Ат қораны таза ұстауға тырысамыз. Жылқы тазалықты жақсы көреді.

Қымыз ашытудың қас шебері Алена сусынның емдік қасиетіне қанық. «Қымыздың қадірін біле бастаған қарапайым жұртшылық оны алыс-жақын жерлерден арнайы іздеп келеді», дейді маман. Емдік сусын деп бағаланатын бұл өнім түрі бүгінде Украинаның түберкулез диспансерлеріне де жеткізілетін болған.

Алена Баранчук, ат шаруашылығының маманы:

Қымыз – ешқандай химиялық қоспасы жоқ, экологиялық таза өнім. Қазір ол үлкен сұранысқа ие. Коклюш сияқты жөтел ауруы мен құрт дертіне шалдыққандар көп іздеп келеді.

Бие байлап, қымыз ашытып отырған ат шаруашылығы емдік сусынның өндірісін екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Олар «қымыз терапиясын» қолға алмақ. Бұл дегеніңіз – ел аумағындағы емдік демалыс орындарында қымызды кеңінен дәріптеу. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы