386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу мәселесі ушығып тұр

  • 668
  • UPD: 13:49, 20.11.2017

Бұл елде жылына 15 млн тоннадай қоқыс жиналса, соның 95 пайызы бей-берекет жерге көміліп жатыр.

Бұл экологиялық апатпен қатар, мемлекет қазынасына қыруар шығын әкеледі екен. Бүгінде дабыл қаққан бірқатар депутат заңға өзгеріс енгізу мәселесін көтеріп жатыр.

Қоқысты қайта өңдеу ісі – Украина үшін ең өткір тұрған мәселенің бірі. Статистикалық мәлімет бойынша, елде адам басына шаққанда 300-350 келі қалдық бар. Экологтардың айтуынша, қоқыс атаулы дерлік жерге көміледі. Сөйтіп Украинаның 5 пайыз аумағын алып жатыр. Жоғарғы Рада депутаттары осы бағытта заңға өзгеріс енгізбек. Соның арқасында саладағы жемқорлықтың да тамырына балта шабуға болады деп болжайды. 

Сергей Каплин, Жоғарғы Раданың депутаты:

– Қоқыс жинау және оны қайта өңдеу саласы – кеңес кезінен бері жемқорлық жайлаған саланың бірі. Жаңа заң жобасына сәйкес бағдарлама қабылданады, логистика мәселесі шешіледі. Кезең-кезеңімен қоқыс өндіретін зауыттар салынады. Демек қазіргідей әр аулада қоқыс өңделіп, өртелмейді. Кешенді түрде жойылады.

Мәліметке сәйкес, елде 6 мың қоқыс орны ресми тіркелген, тіркелмегені – 35 мың. Жаңа заңның талаптары бойынша, полиэтилен қапшық өндіруші бизнес өкілдері енді салық төлейтін болады, демек олар ұсынған тауарлардың бағасы қымбаттауы мүмкін. 

Мустафа Найем, Жоғарғы Раданың депутаты:

– Тауардың өзіндік құны шамалы, яғни оннан біріндей шамада ғана көтеріледі. Жаңа заң жобасына сәйкес, өндірушілер үшін үш таңдау ұсынылады: олар қоқысты қайда өңдеу үшін жол қаражатын көтереді, немесе қоқысты өздері өңдейді, үшіншіден, жұмысты жергілікті басқару орындарына тапсырады.

Украинда жылына 15 млн тоннаға жуық қоқыс шығарылса, оның 95 пайызы жерге көміліп жатыр. Жалпы қалдықтан құтылудың мұндай жолы қымбатқа түседі. Әрі бұл экологиялық тұрғыда тиімсіз әрі қауіпті. Ал жаңа заң осы мәселелерді реттеуі тиіс. Жоба жоғарғы раданың келесі сессиясында қаралады.

Авторлары: Аида Кыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы