386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Санкт-Петербургте «Мәдениеттер диалогы» атты халықаралық медиа форум аяқталды

  • 864
  • UPD: 12:24, 23.05.2018

Санкт-Петербург қаласында «Мәдениеттер диалогы» атты халықаралық медиа форум аяқталды.

Биыл шара 12-ші рет ұйымдастырылды. Еуропа мен Азия елдерінен келген жас журналистер саланың өзекті мәселелерін өзара талқыға салып, шаһардағы Эрмитаж музейінде түсірілім жүргізді.

Алқалы жиынға әлемнің 32 елінен келген 370 маман қатысты. Олардың дені деректі фильмдер фестивалінде өз туындыларын жұрт назарына паш етті.  Әр елдің өкілі келушілерді өзінің төл мәдениетімен таныстырды.

Ашот Джазоян, «Журналистер достастығы» медиа конгресінің төрағасы:

- Басында бұл шараға тек 25 адам ғана қатысқан. Олардың арасында  ТМД және Балтық елдерінен келген студенттер болды. Ал қазір форум ондаған мемлекет өкілдерін жинап отыр. Қазақстан да солардың арасында болғаны бізді қатты қуантады.

Біздің арна бұл байқауға Астанада өткен ЭКСПО көрмесі жайлы фильмді ұсынды. Туынды көрерменнің көңілінен шықты.

Александра Шушлина, радиожүргізуші /Мәскеу/:

- Баламалы энергия көздері тақырыбының мен үшін маңызы зор. Фильмді көріп, көкейімдегі көптеген сұрақтың жауабын алдым. Қазақстанмен ынтымақтастық орнатқанымызға дән ризамын.

Ал Эрмитаждың бас штабында фотокөрме ұйымдастырылды. Еуропа мен Азия елдерінен келген үздік 30 фототілші 200-ден астам суретін өнерсүйер қауымға ұсынды. Италиялық тәуелсіз фотографтар Мигель Чирилло  мен Эмануэлла Лауренти де шарадан тыс қалмады. Олар түрік жігіті мен күрд қызының үйлену тойын түсіріп, жұртшылықты тамсандырды.

Мигель Чирилло фотограф /Италия/:

- Түріктер мен күрдтердің арасында шиелініс жиі болатынын тарихтан білеміз. Ал біз осы екі ұлт өкілдерінің үйлену тойын көріп, мереке барысында бірнеше сурет жасауға мүмкіндік алдық. Біздің фотоларда қос мәдениеттің көрінісін байқауға болады. Осында келіп, жұмыстарымызды көрерменге көрсете алғанымызға қуаныштымыз.

Медиа форум қатысушылары Эрмитаж жайында ақпараттық сюжет әзірлеуге мүмкіндік алды. Қазір бүкіл әлемге танымал музейде 3 миллионнан астам экспонат бар. Әр журналист елге оралғаннан кейін, өз материалын ақпарат құралдары беттерінде жариялайды.

Авторлары: Дариға Ташенова, Марк Брюшко, Әнуар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы