387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда жол көлік оқиғасы құрбандарының саны билікті алаңдатып отыр

  • 470
  • UPD: 08:19, 28.11.2017

Қытай елі жол қозғалысындағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр.

Өйткені жол-көлік оқиғасы құрбандарының саны тым көбейіп кеткен. Жылына 260 мыңға дейін адам жазатайым қаза болады. Осыған байланысты Қытай Халық Республикасының қоғамдық қауіпсіздік министрлігі полицейлерді қырағалыққа шақырып отыр. Олардан жол қауіпсіздігін барынша арттырып, жаяу жүргіншілерге жол бермеген жүргізушілерді қатаң жазаға тартуды талап етпек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жол апатынан әлемде жылына 1 миллион 250 мың адам қаза болады. Мұның 30 пайызы Қытайға тиесілі. Сондықтан аждаһа елінің бұл мәселеге алаңдайтындай жөні бар. Мерт болғандардың басым бөлігі жаяу жүргіншілер, велосипедшілер мен мотоцикл мінгендер.

Су Тин, Бейжің қаласының тұрғыны:

– Қазір қала көшелерінде оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Оның себептері әртүрлі. Әсіресе жаяу жүргіншілер қызыл шамға өтіп кетеді. Арты қайғылы оқиғамен аяқталады. Содан кейін бей-берекетсіз жүретін мотоциклдер де көбейді. Олар өздерін де, жолдағы жаяу жүргіншіні де қауіп-қатерге душар қылады.

Қазір Бейжіңнің негізгі 10 магистралінде электрлі мопедпен жүруге мүлде тыйым салынды. Бұл шектеу жол қозғалысын реттеу мен ондағы апаттардың санын азайтуға сеп болмақ. Өйткені Қытайдың астанасында мұндай шағын көліктердің саны 4 миллионнан асып жығылады. Көп жағдайда қызылға өтіп, жолдың қарсы бағытына шығып кететін де осылар. Жолдағы жазатайым құрбандарының 36 пайызы осы қос дөңгелектің кесірі. Салдарынан 113 адам өліп, 22 мыңға жуығы түрлі деңгейде жарақаттанған.

Хао Яньсу, Қытай сақтандыру нарығын зерттеу орталығының директоры:

– Билік қазір жол апатының алдын алу мақсатында бірқатар заңнама қабылдап, бақылау құрылғыларын көбейтті. Жылдамдықты асырған, шектен тыс жүк тиеген көліктер қатаң жазаланады. Жол ережесін өрескел бұзғандар 3 немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Осындай қатаң тәртіптің нәтижесінде жол апаты 5% азайды.

Қытайда соңғы үш жылда жаяу жүргіншілерге арналған жолақта 4 мың адам қаза болған. Бұл оқиғалардың 90 пайызына көлік жүргізушілердің жауапсыздығы себеп. Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі осындай көңіл көншітпейтін статистикадан кейін әрекетке көшті. Бірінші кезекте тәртіп бұзғандар қатаң жазаға тартылмақ. Таяуда ғана Қытайдың Аньхой провинциясында үлкен жол апаты болды. Жүрдек жолда 30 көлік соқтығысып, 18 адам көз жұмған. Апат кезінде сонымен бірге 4 көлік өртеніп, 21 жолаушы жарақаттанды. Қытай үкіметі күн сайын көбейіп келе жатқан осындай статистикаға алаңдаулы. Сондықтан БАҚ жаппай көлік жүргізу мәдениетін насихаттап жатыр.

Авторы: Нұрбек Бекен

Хабар 24 телеарнасы