385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германияда рождестволық жәрмеңкелер кезіндегі қауіпсіздік шаралары күшейтілді

  • 619
  • UPD: 17:43, 02.12.2017

Германияда рождестволық жәрмеңкелер ашылды.

Биыл лаңкестік шабуылдарға байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Өйткені былтыр дәл осы кезде Берлин базарларының бірінде жүк көлігі адамдарды жаншып өткен еді. Салдарынан 12 адам қаза тауып, ондаған тұрғын жарақат алған болатын. Бір жыл бұрынғы қаскөйлікті неміс халқы ұмыта қойған жоқ.

Рождестволық жәрмеңкеде сыйлықтар мен тәттілердің көптігінен көз сүрінеді. Бір қарағанда, бәрі әдеттегідей сияқты. Дегенмен айналаға зер салсаңыз, бұл ауданның қоршауға алынғандығын байқауға болады.

Жәрмеңкенің айналысына бетондар қойылған. Бұл қала қонақтары мен тұрғындарын лаңкестік шабуылдан қорғау үшін қажет.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы бұл алаңда жүк көлігін тізгіндеген содыр мерекеге жиылған жұртты таптап өтіп, 12 адамның өмірін қиған еді. Ал бүгінде жәрмеңкеге келген Берлин тұрғындары ешқандай лаңкестік әрекет оларды қорқыта алмайтынын және өздерінің қиындықта бірге болатынын мәлім етті.

Вильм, жәрмеңке қонағы:

- Жәрмеңкені қоршап тұрған тәртіп сақшылары қауіпсіздік сезімін ұялатады. Лаңкестер көз алартқанмен, ештеңе істей алмайтынына сенімдімін. Сондықтан біз емін-еркін қыдыра аламыз.

Никлас, жәрмеңке қонағы:

- Мен жәрмеңкеге биыл бірінші рет келіп тұрмын. Байқағаным, айналаға бетондар қойылған. Былтырғыға қарағанда полицейлер көбірек жұмылдырылған сияқты. Әрине, жүз пайыз қауіпсіздіктемін деп айта алмаймын. Дегенмен үрей жоқ.

Биыл жергілікті билік жәрмеңке қонақтарының қауіпсіздігіне баса назар аударған. Бетон қоршауларымен қатар тәртіп сақшыларының саны да артқан. Қарулы полицейлер рождестволық базарлардың барлығын торуылдап жүр. Ал билік азаматтарды қорғау үшін қолдан келгенді жасайтынын мәлімдеді.

Михаэль Мюллер, Берлин мэрі:

- Былтырғы қайғылы оқиғаға қарамастан қала тұрғындарының жәрмеңкеге келіп жатқанын көрдім. Біз Берлинде өмір сүріп жатырмыз. Бұл өте ашық, бейбіт қала. Солай болып қала береді.

Неміс халқы мейрам кезінде бүлік шықпайды деп үміттенеді. Тек Брайтшайдплац алаңындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге бюджеттен 50 мың еуро бөлінген. Ал Берлинде шамамен мұндай 100 алаң бар.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновсий

Хабар 24 телеарнасы