EXPO көрмесінде қойылған 130-дан аса технология іске қосылады

Оларды арнайы құрылған сарапшылар тобы іріктепті.

Соның 28-і отандық ғалымдардың өнертабысы. Бұл жайында орталық коммуникациялар алаңында ұйымдастырылған шарада айтылды. «40 технология әкімдіктерге берілген. Соның 4-еуі келер жылы іске қосылады», – дейді мамандар.

Ал ұлттық компаниялар тарапынан 15 өнертабысқа қызығушылық байқалады. Атап өту керек, жобалардың дені энергия үнемдеу мен электр энергетика салаларын дамытуға бағытталған. Қалғаны көмір өнеркәсібі, экология, газ және мұнай салаларын қамтиды. Іріктелген жобалардың ішінде су сорғыш аппараттар мен автономды мобильді стансаларды және қатты қалдықтарды сұрыптау технологияларын ерекше атап өтуге болады. 47 маманнан құрылған сарапшылар тобына ұлттық компаниялар, министрліктер мен түрлі сектор өкілдері кірген.

Берік Ербосынов, ҚР Энергетика министрлігі ЭКСПО басқармасының басшысы:

- Барлығын қосқанда 133 технология әкімдіктерге және компанияларға берілген. Жеке, ұлттық компанияларға таратылды. Сонымен қатар біз оны министрліктің сайтында орналастырдық. Яғни кез келген әкімдік өзінің қалаған технологиясын контактілермен бірге біздің сайттан немесе біз жіберген ақпараттардан жүктеп алуына болады. Ол жерде экология саласы бойынша 63 технология және энергетика саласы бойынша осынша көлемдегі технология қарастырылған.