384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


КХДР мен Оңтүстік Корея жоғары деңгейде келіссөздер өткізді

  • 576
  • UPD: 13:53, 09.01.2018

Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея үкіметі соңғы 3 жылда алғаш рет жоғары деңгейде кездесу өткізді. Оған Ким Чен Ынның халыққа жаңажылдық жолдауы түрткі болған. Ол өз сөзінде көрші мемлекетпен қарым-қатынасын жақсартуға үндеген еді. Өткен келіссөздерде тілге тиек етілетін басты тақырыптардың бірі Солтүстік Корея спортшыларының Пхёнчханда өтетін Олимпиада ойындарына қатысу мәселесі болды. Негізі дүбірлі додада ел намысын қорғау мәртебесі тек мәнерлеп сырғанаушылар жұбына ғана бұйырған.

Келіссөздер Сеулде өтті. Оңтүстік Корея делегациясының құрамында 5 адам бар. Олар біріктіру істері жөніндегі министр мен оның орынбасары, Премьер-министр кеңсесінің,  Мәдениет, спорт және туризм министрлігі мен Пхёнчхандағы қысқы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің өкілдері. 

Чо Мён Гюн, Корея Республикасының біріктіру істері жөніндегі министрі:

- Тараптар бұл жиынға үлкен үміт артады. Өйткені ол жаңа үкімет үшін алғашқы келіссөздер болып отыр. Пхёнчхандағы Олимпиаданы «бейбітшілік мерекесіне» айналдырмақ ойымыз бар. Халықтың үмітін ақтауға барымызды саламыз. 

Халықпен қоса бұл келіссөздерге кезінде Кэсонда жұмыс істеген оңтүстік корейлік компаниялардың өкілдері да үлкен үміт артатынын жасырмайды. Өйткені аймақтағы жағдайдың шиеленісуі кесірінен екі мемлекетке ортақ индустриалды кешен екі жыл бұрын жабылған болатын. 

Шин Хан Ёнг, Кэсон индустриалды кешені корпоративтік қауымдастығының төрағасы:

- Келіссөздердің сәтті аяқталуы Солтүстік және Оңтүстік Корея қарым-қатынасына әсер ететіні сөзсіз. Сонымен қоса Кэсондағы ортақ индустриалды кешенінің жұмысы қайта жанданып жатса, бұл нұр үстіне нұр болар еді. Жаңа үкіметке арада жаңа экономикалық байланыстар орнату міндеті жүктеліп отыр. Осы ретте Кэсонның орны бөлек. 

Келіссөздер қорытындысы бойынша, Солтүстік Кореяның жоғары лауазымды тұлғалары Пхёнчхандағы Олимпиадаға келетін болып шешті. Ал өз кезегінде Оңтүстік Корея соғыс кезінде бір-бірінен ажырап қалған отбасыларын қайта қауыштыру үшін кездесу ұйымдастыруды ұсынды. Егер Пхеньян оны қабыл алса, кездесу 16 ақпанда өтеді деген болжам бар.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы