384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда жанармай бағасы қымбаттады

  • 353
  • UPD: 15:08, 11.01.2018

Грузия үшін Жаңа жыл мейрамы кішігірім қаржылай дағдарыспен тең.

Себебі соңғы бірнеше жыл бойы қыс мезгілінде ұлттық валюта ларидің құны құлдырап кетті. Салдарынан азық-түлік пен жанар-жағармай бағасы күрт өсіп, қарапайым тұрғындардың қалтасына салмақ салды.

Ұлттық валюта ларидің құны қазан айынан бастап құлдырады. Салдары жанар-жағармай бағасына әсер етіп, екі айдың ішінде 5 жарым центке өсті. Күрт қымбаттаған көлік отыны жергілікті жүргізушілердің қалтасын қаққаны анық. Кети Степниашвили солай дейді. Оның төрт доңғалақты тізгіндегеніне биыл екінші жыл болыпты. «Соңғы айлары бағаның сан құбылғаны шығынды еселей түсті», – дейді ол.

Кети Степниашвили, жүргізуші:

- Өткен жылмен салыстырғанда бағаның өсуі биыл қатты сезілді. Бұл Жаңа жылға қарсы ұлттық валюта құнының құлдырауына байланысты болар. Қаңтардың екінші жартысынан бастап баға тұрақталады деп сенеміз.

Сарапшылардың пікірінше, жанармай бағасының қымбаттауына екі себеп бар. Бірі ларидің долларға шаққандағы бағамы немесе мұнай өнімдерінің халықаралық нарықтағы бағасы.

Вано Мтвралашвили, Грузия мұнай өнімдерін импорттаушылар одағының төрағасы:

- Грузия жанармай импорттаушысы болғандықтан, әлемдік нарықтағы мұнай өнімдеріне тікелей бағынамыз. Ал көлік отынының бағасы халықаралық нарық бекіткен бағаға тікелей байланысты. Бір жағынан қыс түссе, ұлттық валюта ларидің долларға шаққандағы бағамы төмендейді. Бұл да тауар бағасының қымбаттауына әсер ететін фактор.

Еске сала кетейік, биыл да қыс басталысымен ұлттық валютаның құны құлдырады. Бұл үдеріс соңғы бірнеше жылда қайталанып келеді. Дегенмен экономикалық сарапшылардың болжауынша, грузиндік лари келер айда қайта тұрақтанатын көрінеді.

Авторлары: Жансұлу Дүйсенәлі, Анна Анастасиади, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы