388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкектегі аяз кезінде үйлерге берілген жылу мардымсыз болып тұр

  • 483
  • UPD: 09:24, 30.01.2018

Қырғыз астанасында төтенше жағдай орын алды. Өткен апта соңында қалалық жылу электр орталығында апат болған еді. Қазір үйлердегі жылу батареялары сәл ғана жылып тұр. Бішкекте түнде ауа температурасы –26 градусқа дейін төмендеп, аяз жағдайды қиындатып жатыр.

Бішкектің жылу электр орталығында болған апатты елдегі энергетиктер өткен сенбіде растаған еді. «Бұзылған жерді тез жөндейміз» деген мамандар, Бішкек тұрғындарын барынша сабырға шақырып бақты. Бірақ олардың ешқайсысы дәл қай жерінен ақау шыққанын айтқан жоқ. Екі тәулік өтсе де жылу жөнді берілмеді. Ол аздай жылу электр орталығынан тағы да ақау шығып, арты апатқа ұласты.

Нұрлан Садыков, «Ұлттық энергетикалық компания» басқармасы төрағасының орынбасары:

- Алдын ала мәлімет бойынша, сорғыштың жұмысы істен шығып, мына құрылғыға жетуі тиіс су көлемі жетпей қалды. Мысалы, манометр су көлемін 400 деп көрсетсе, біз 400-ге жеткізе жұмыс істейміз, ол шын мәнінде 400 емес, 200-ге ғана жеткен. Яғни, құралда басқа көрсеткіш көрсеткенімен, іс жүзінде басқа болған. Осының салдарынан біз көрсеткіштен ауытқығанымызды түсіндік. 

Энергетиктердің айтуынша, ақау даладағы аяздың салдарынан болған. Соңғы бірнеше күн бойы Бішкектегі орташа ауа температурасы минус 20 градусты көрсетіп тұр. Қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін энергетиктер қосымша қуатты пайдалануы тиіс болатын, бірақ құрылғылар мұндай  жүктемеге төтеп бере алмады. Айта кету керек, өткен жазда Бішкек жылу электр орталығында  қытай компаниясы орнатқан жаңа техника пайдалануға берілген болатын. Орталықты жаңғыртуға шамамен төрт жүз миллион долларға жуық қаражат кеткен.

Албек Ибраимов, Бішкек әкімі:

- Бішкек жылу электр орталығындағы ескі қазандықтағы агрегаттар бұзылып, соның салдарынан температура төмендеді. Осыған байланысты ыстық судың температурасы қалыпты деңгейден төмен тұр. Сондықтан, тұрғындар жарықты ұқыппен пайдаланғаны жөн. Бұл - өтініш. Өйткені, жылу батареялары өз деңгейінде жылыта алмағандықтан, бар жүк жарыққа кеп түседі.  

Қазір электр қуатын тарату желілеріндегі жүктеме бірден өсті. Нәтижесінде трансформаторлық қосалқы станциялар мен басқа жабдықтар істен шыға бастады. Энергетиктердың мәліметіне сүйенсек, қазір Бішкекте бір мезгілде апаттан құтқарумен айналысатын 50-ге жуық бригада жұмыс істеп тұр. Энергиямен жабдықтау ісі қалпына келтірілсе де, ЖЭО-да қуат өндіре бастағанға дейін үзілістер болатыны рас. Елдің Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жылу орталығына лаңкестік шабуыл жасалған болуы мүмкін бе деген мәліметті де тексеруге алды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет орталықты қайта қалпына келтіру жұмыстарына кеткен несиелік қаржының қайда жұмсалғанын да тексеретін болды.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы