387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сирияда химиялық қару қолданылды

  • 951
  • UPD: 12:04, 06.02.2018
Сирияда химиялық қару қолданылды

Сирияның Идлиб провинциясына адам өміріне қауіп төндіретін химиялық зат толтырылған екі бомба түскен.

Осының салдарынан 11 адам зардап шегіп, ауруханада жатыр. Бұл туралы «Сирияның азаматтық қорғаныс» ұйымы Twitter-дегі парақшасында жариялады. Алдын ала болжам бойынша тікұшақтан тасталған бомбалар хлормен толтырылған. Осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі арнайы отырыс өткізді. Кеңес мүшелері бүгінге дейін Сирияда химиялық қарудың қолданылуына жауаптыларды жазалайтын қарарды қабылдай алмай келеді. Әдеттегідей бұл жолы да АҚШ ортақ байламның жасалмауына Ресейді айыптады. Ал ресейліктер «Вашингтон жалған деректерге сүйеніп, жала жауып отыр» дейді.

Никки Хейли, АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

– Бүкіл әлем Сирияда химиялық қарудың қолданылуына қатысты қарарды қабылдай алмай отырғанымызды біледі. Қолымызда нақты айғақтар бар. Сол қарудан жапа шегіп жатқандар да аз емес. Сондықтан біз осындай зұлмат қастандыққа барғандарды анықтап жазалайтын өз жобамызды ұсындық. Ресей тарабы да тиісті шаралар қабылдап, кеңестің қарапайым халықты қорғау мәселесінде ұстанымы бір екенін көрсетеді деп үміттенеміз.

Василий Небензя, Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі: 

– Сирия халқына қарсы химиялық қаруды қолданғандарды жазалау мәселесін біз де жақтаймыз. Бірақ сіздер ұсынған жобаны дәл осы күйінде қабылдамаймыз. Өйткені құжаттың түпкі мақсаты бізге айқын. Ол негізді дәлелсіз-ақ Сирия билігін химиялық қару қолданды деп айыптап, жауапқа тартуды көздейді.

Хабар 24 телеарнасы