387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әзербайжанда криптовалюта заңмен бекітілмек

  • 585
  • UPD: 11:26, 08.02.2018

Әзербайжанда криптовалюта аясындағы сауданы реттеу бойынша тұңғыш рет заң жобасы дайындалатын болды.

Дәл осы мақсатта арнайы жұмыс тобы да құрылды. Егер де жоба жүйелі түрде жүзеге асса, бұл елдегі криптовалюта туралы алғашқы заң болмақ.

Алғашында блокчейн мен криптовалюта технологиясы туралы елде тек сарапшылар ғана айтатын. Алайда президенттің экономикалық саясат жөніндегі көмекшісінің басшылығымен құрылған жұмыс тобынан кейін барлығы түбегейлі өзгерді. Енді электронды валюта үдерісіне барлық мүдделі тарап оң көзқараспен қарайтын болды. 

Фархад Амирбеков, қаржыгер, жұмыс тобының мүшесі:

- Біз криптовалютамен сауданы реттеу үдерісін басқаруға мүмкіндік беретін механизм жасау туралы айтып тұрмыз. Ал Әзербайжан өзінің криптовалютасын шығаруды көздейме ме, әлі белгісіз. Мен одан хабарсызбын. Дегенмен Әзербайжан шындыққа бейімделіп, осы сауданы заңдастыруға тырысып жатыр.

Елімізде биткоин саудасымен жеке айналысып жатқан азаматтар жеткілікті. Онда орталықтандырылған жүйе болмағандықтан кез келген адам биржалық операцияларға қатыса алады. Әрине, нәтижесі мен салдары да сан түрлі.

Вахид Ахмедов, парламент депутаты:

- Бұл валюта қазір бақылауда емес. Сол себепті оны есірткі бизнесінде немесе кантрабандалық операцияда пайдалануы мүмкін. Болашақта криптовалюта біздің елде де қолданысқа шығып қалар. Кемінде 5-10 жылдың аралығында. Ал оған дейін тек есептесу немесе сату және сатып алу операцияларында қолданылуы мүмкін. 

Криптовалюта жайлы сан түрлі пікірлерге қарамастан, көбісі блокчейн технологиясын қолданысқа енгізу керек деп отыр. Оның аясында бірнеше қызмет түрін құруға болады. Ал криптовалюта оның бір бөлігі ғана.

Осман Гюндюз, ақпараттық жүйелер орталығының жетекшісі:

- Егер жүйе орталықтандырылған болса, онда ол қауіпсіз әрі сенімді. Әлемде қаржы-банк саласын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Сол себепті елдер бұл үдерістен сыртта қалып қоймауы тиіс. Әрине, мемлекет криптовалютаға барын салып, тәуекелге бармасы анық. Дегенмен бұл сұрақты назарда ұстап, өзгеріске дайын болары хақ. 

Бүгінде кей елдер биткоинды төлем түрінде қабылдаса, кейбірі оған түбегейлі тыйым салды. Тек сырттан бақылаушы позициясындағы елдер де бар. Сарапшылардың пікірінше, ең дұрысы да осы. Биржадаға сан құбылған битконның бағасы мен бақылаусыз саудаға сену мүмкін емес. 

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы