389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміз Германиядағы халықаралық туризм көрмесіне қатысты

  • 771
  • UPD: 23:40, 09.03.2018

Қазақстан Германиядағы ITB халықаралық туристік көрмесіне қатысып жатыр. Бұл жетекші халықаралық жәрмеңке 1966 жылдан бері өткізіліп келеді. Біздің ел делегациясының құрамында туроператорлар, әкімдіктер мен «Қазақтуризм» компаниясының өкілдері бар. Олар Қазақстанның ұлттық павильонында еліміздің бай мәдениетімен қоса үздік туристік бағыттарымен де таныстыруда.

ITB-дағы қазақстандық павильонды осы көрмедегі бірегей алаң деуге толық негіз бар. Мұнда қазақтың киіз үйінде, ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, қымыз іше аласыз. Сонымен қатар, Қазақстанның кез-келген жеріне туристік сапарға шығуға тапсырыс беруге мүмкіндік бар. Төл мәдениетіміз, тұмса табиғатымыз бен экзотикалық тағамдарымыз – біздің ұлттық брендіміз. Содан да болар қазақстандық павильонға келушілер қарасы қалың. 

Ал алып тұлғалы батырларымызбен суретке түскісі келгендер кезекке тұрды. Сазсырнайдың сиқырлы сазы да қонақтарды баурап алды. Біздің павильонға келушілер аталмыш музыкалық аспапты қолдан жасап та көрді. Дәл осы жерде жент дайындаудан шеберлік сағаттары өтіп жатыр. Бундестаг депутаты Себастиан Мюнценмайер ерекше етіп әзірленген қазақы тәттінің дәмін татып көрді.

Себастиан Мюнценмайер, Бундестагтағы туризм Комитетінің төрағасы:

- Дәмі керемет! Қазақстанның мәдениеті өте бай екені бірден байқалады. Мен қазақ жерінде болған жоқпын, бірақ енді міндетті түрде барамын. Қазақстанның туристік әлеуеті өте жоғары деп ойлаймын. Тау шаңғысы курортты жерлері, түрлі қорықтар мен әдемі қалалар өте көп. Көптеген шетелдіктің Қазақстанға саяхаттауы үшін визалық режимді жеңілдетуге арналған жұмыстар жасалып жатыр. Болашақта әріптестігіміз өз жемісін береді деп үміттенеміз. 

Немістер – әлемдегі  саяхатқа ең көп шығатын халықтардың бірі. Қазақстан оларға қызықты ел екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан, Айтибиде біздің делегация бұдан да көп турист тартуды мақсат етіп қойған. Сонымен бірге жетекші неміс туроператорларымен ынтымақтастық орнату да жоспарда бар.

Қайрат Сәдуақасов, «Kazakh Tourism» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Әлемде осы тектес көрмелер өте көп. Туризм нарығында бәсеке өте жоғары, сондықтан, біз бәсекеге түсуге ниеттенсек осындай шараларға қатысуымыз керек. Біздің  туроператорлардың  туристер тарту бойынша осындағы әріптестерімен жұмыс істегенін қалаймыз. Бұл жалпы алғанда бедел жинауға көмектеседі. Біз тек немістермен ғана емес, жалпы әлеммен әріптестік орнатқымыз келеді.

Биыл ITB көрмесіне қатысушылар саны бойынша  Қазақстан рекордтық көрсеткішке жеткен. Біздің туроператорлар қонақтарға шалғай елді мекендердегі экотуризм мен Байқоңырға әсерлі саяхаттан бастап, таудағы экстремальды туризмге дейін түрлі керемет бағыттарды таныстырды. 

Гүлмира Сүйеуова, Маңғыстау облысы туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Бізде Каспий теңізі бар болғандықтан, Берлиндегі көрмеде Маңғыстау облысындағы  жағажай туризмімен таныстырамыз. Сонымен қатар бізде экологиялық, этнографиялық музей бар. Қазіргі таңда теңіз жағасында жаңа демалыс үйлері салынып жатқанына қарамастан, шетел туристері үшін этноауылдар салып жатырмыз. Ол жерде нағыз қазақтың киіз үйі құрылып, ұлттық тағамдарымыз дайындалатын болады. Біздің салт-дәстүрімізді көріп, жылқы мен түйеге отырып серуендеуге болады.

Самал Сағатова, туристік компания өкілі:

- «Рахман қайнары» шипажайы - Шығыс Қазақстан облысының мақтанышы. Оның ерекшелігі су құрамында көмiр қышқылының, радонның молдығында. Сонымен бірге біздің шипажай Катон-Қарағай ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Бұл жердің бірегей табиғатын көруге еуропалық туристермен бірге Қазақстанның бүкіл облысынан саяхатшылар келеді.

Отандық туризмнің дамуына «Қазақ ТВ» телеарнасы да үлкен үлес қосып келеді. Әлемнің 120 еліне хабар тарататын арна өзінің бірегей өнімін Айтибиде алғаш рет таныстырды.

Сандуғаш Рахымжанова, Kazakh TV телеарнасының директоры:

- «Қазақ ТВ» арнасының басты бағыттарының бірі – Қазақстанның туристік саласының беделін көтеру үшін арнайы контент дайындау.  Біз қазақстандық көрермендерге ғана емес, шетелдік аудиторияға да қасиетті жерлерімізді көрсетуіміз керек. Бұдан бөлек біздің арна басқа елдердің аумағында көрсетілуі үшін шетелдік әріптестер мен қонақ үй иелерімен келіссөз жүргізіп жатыр. 

Айтиби әлемдегі үш ірі туристік көрменің тізіміне кірген. Биылғы жылы оған 180 елден 10 мың экспонент қатысуда. Ұйымдастырушылар жәрмеңкеге 100 мыңнан аса туристік саланың маманы келеді деп болжап отыр.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы