389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Си Цзиньпин: Қытайдың дамуы басқа мемлекеттерге қауіп төндірмейді

  • 684
  • UPD: 20:42, 20.03.2018

Бейжіңде бүкілқытайлық халық өкілдерінің сессиясы аяқталды.

Шараның жабылу рәсімінде сөз сөйлеген Си Цзиньпин «Қытайдың дамуы басқа мемлекеттерге қауіп төндірмейді», – деп мәлімдеді. Ал арнайы баспасөз мәслихатын өткізген үкімет басшысы Ли Кэцян Қытай шет елдермен  қарым-қатынаста стратегиялық экспансияны көздемейтінін айтты.

Сонымен, шығыстағы үлкен көршіміз үшін аса маңызды бүкілқытайлық халық өкілдерінің сессиясы аяқталды. Жыл сайын екі аптаға созылатын жиын биыл 20 күнге жуық өтті. Жабылу салтанатында Си Цзиньпин сөз сөйлеп, үлкен ұрандар тастады. Биліктің бірінші кезекте халыққа қызмет етуі керектігін баса айтты. Әрине, сыртқы саясаттағы ресми ұстанымын да жариялады. Оның айтуынша, «Қытай ешқашан үстемдік құруға және кеңеюге ұмтылмайды. Өзгелерге сес көрсетіп үйреніп қалғандар ғана барлығынан қатер күтеді. Қытай әрқашан бейбіт даму жолын таңдайды және ашық әрі өзара тиімді стратегияны ұстанады. Сонымен қатар ресми Бейжің «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ары қарай да белсенді жүзеге асыруға бел буып отыр. Бұдан кейін Қытай үкіметінің басшысы Ли Кэцян сессияның аяқталуына байланысты қорытынды баспасөз мәслихатын өткізді.

Ли Кэцян, ҚХР үкімет басшысы:

- Біздің шет мемлекеттермен қарым-қатынасымыз нарық заңдары мен принципіне сай жүргізіледі, Қытайдың көздегені стратегиялық экспансия емес. Мысал ретінде, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастықты айтуға болады.

«Ресми Бейжің дүниежүзіндегі барлық мемлекеттермен өзара тиімді қарым-қатынасты нығайта береді және өз жерінің біртұтастығын қорғап, өзге елдің территориясына килікпейді. Ал дамушы мемлекеттерге Қытайдың көрсеткен көмегін стратегиялық экспансия деп ойлау қателік», – деп түйіндеді Мемлекеттік кеңестің премьері Ли Кэцян.

Сонымен қатар Үкімет басшысы АҚШ мен Қытай арасындағы сауда тартысына да тоқталды. Оның айтуынша, екі елдің өзара сауда соғысында жеңімпаз болмайды, өйткені бұл келіспеушілік қос тарапқа да тиімсіз. Сонымен қатар АҚШ тарапынан қытай нарығына жоғары технологиялық тауарлар экспортына салған шектеу реттеледі деп үміттенеді. Ал зияткерлік меншік құқығы толық сақталатынына берік сенеді.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы