385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Рио-де-Жанейроға әскер кіргізілді

  • 460
  • UPD: 16:04, 27.03.2018

Рио-де-Жанейрода қылмыстың көбеюінен қалаға әскер кіргізілді.

Жергілікті билік полицияның дәрменсіздігін мойындауға мәжбүр болып, ел тыныштығын күзетуді әскерге тапсырды. Алайда Рио тұрғындары бұл шешіммен келіспей отыр. Өйткені шаһарға әскер енгізілгеннен кейін қала ішінде жүріп-тұру тіпті қауіпті бола түскен.

Соңғы күндері мылтықтың атылған дауысы Рио-де-Жанейро тұрғындары үшін үйреншікті жағдайға айналған. Әсіресе қала маңындағы Алемао, Дона Марту, Вила Кеннеди мен Чапеу Мангейра аудандарында қарулы қақтығыстар жиелеп кеткен. Жараланғандар мен мерт болғандар туралы нақты ресми ақпарат жоқ болса да, тәуелсіз сарапшылар жүздеген адам зардап шеккенін мәлімдеп отыр. Қоғамдық орындар жұмысын тоқтатып, көшелердің барлығы жабылған. Қаладағы қақтығыс ушыға түсті.

Биліктің мұндай қадамға баруына есірткі сатушылардың дандайсып кетуі сеп болса керекті. Дәмханаларды тонап, көшеде өтіп бара жатқан жазықсыз жандарды өлтіріп, адам көп жиналатын орындарда атысқан қарулы қылмыскерлер соңғы кездері шектен шығып кеткен. Қалаға әскер кіргізуді Бразилия президенті Мишел Темер ұсынып, заң қабылданған күннің ертеңіне әскердің бірінші легі қалаға енгізілген болатын. Қазір шаһарда арнайы жасақтың жүзге жуық сарбазы тәртіп орнатуға ат салысып жүр. Мұндай қақтығыс бұл жерде 80-жылдардан бері болған емес.

Полоу Винко, Рио-де-Жанейро тұрғыны:

– Қалаға әскер кіргізіліп, көшеде бәрін қарумен қорқытып жүргеннен еш нәтиже болмайды. Қылмыскерлердің де қаруы бар екенін естен шығармау қажет. Есірткі сатушыларды жаппай ұстап, заңды белінен басқандарды абақтыға қамау керек.

Бейресми мәлімдемеге сенсек, қаладағы қылмыстың қанат жаюына жергілікті полиция қолдау көрсеткен. Кейбір тәртіп сақшылары есірткі тасымалын бақылап, заңсыз кәсіптің дамуына қолғабыс еткен. Қазір полиция учаскелері әскердің бақылауында. Қарақшыларды ұстағаннан бөлек қарулы сарбаздар қаланың әрбір тұрғынын жіті тексеріп тінтіп жатыр. Қала билігінің Rock in Rio музыкалық фестивалін өткізу туралы мәлімдемесі мазасы кеткен қала тұрғындарын тыныштандыра алған жоқ. Ұйымдастырушылар Бон Жови, Ганс эн Роузeс және Ред Хот Чили Пеперс концерттері кесте бойынша өтетініне уәде берді.

Авторлары: Анна Орлова, Рафаэль Франзони

Хабар 24 телеарнасы