383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкекте тамақтану орындарының тазалығын арнайы белгіден білуге болады

  • 572
  • UPD: 15:37, 07.04.2018

Бішкектің қоғамдық тамақтандыру орындарында қауіпсіздік жапсырмасы ілінеді. Бұдан былай түрлі-түсті стикерлер асханалар мен дәмханалардың тазалығын көрсетіп тұрмақ.

Бас қаладағы  мейрамханалардың бірінде болған жаппай улану оқиғасынан кейін елде осындай шара қолға алынып отыр.

Үйлену тойына келген қонақтар жаппай тағамнан уланған.  Кейін ас құрамынан сальмонелла табылғаны анықталды. Жүрек айнып, денсаулығының нашарлағанына шағымданған 250-ге жуық адамның 150-уі  ауруханаға жатқызылған. Бір қызығы, жаппай улану  белең алған мейрамхана  халық арасында зор беделге ие болып келген. Тексеріс аяқталған соң мекеме иесі олқылықтарды  толықтай жоймайынша, оған қызыл жапсырма беріледі.

Кубат Шатманалиев, ҚР Экономика министрлігінің қадағалау қызметін реттеу секторының меңгерушісі:

- Жапсырма келушілерге анық көрінетіндей кіреберіс есікке жапсырылуы тиіс. Мысалы, тұтынушы немесе тұрғын кез-келген дәмханаға барғанда стикер қолжетімді жерде ілулі тұруы қажет. Әдетте олар жұмыс уақытын іліп қояды ғой, сол тақташаға стикерді жапсырып қоюға міндетті. 

Егер қоғамдық тамақтандыру орнында ешқандай заң бұзушылық болмаса, оған жасыл стикер беріледі. Дегенмен қайдайда бір  кемшілік  әшкереленсе оған   сары стикер беріледі. Ал егер асхана, дәмхана немесе мейрамханада жаппай тұтынушы құқығы бұзылса оған қызыл стикер тапсырылады. Мұндай жаңалық сәуірдің бірінен бастап енгізілмекші. Алайда  халықтың басым бөлігі бірегей бастамадан бейхабар. 

Мухаммад Мурзашев, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің азық-түлік гигиенасы бөлімінің меңгерушісі:

- Санитарлық инспекция тексеріс барысында тамақтану орнының тазалығы қай деңгейде екенін анықтайды. Кәдімгі қала тұрғындары мұны көрмегендіктен, қай асхана немесе дәмхана қауіпсіз екенін білмейді. Осыған байланысты біз осындай стикерлерді жасап шығардық. Еуропа елдерінде осы тектес жапсылмалар  өте кең таралған. Ол жақта қоғамдық орындардың тазалығы мен астың қауіпсіздігі үшін қоғамдық пікірдің маңызы зор.

Тамақтану орнының иесі келушілерге жапсырманы көрсетпей қойса да, оны ешкім жазаламайды. Себебі әкімшілік кодексте осы жайытқа қатысты нақты бір бап жоқ.  Бұл ақпарат ең алдымен тұтынушылар үшін қажет болады, өйткені стикері жоқ асхана кім-кімнің болсын күмән туғызары  сөзсіз.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы