383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар құлдыраған рубльдің болашақ бағамына болжам жасады

  • 543
  • UPD: 20:24, 11.04.2018

Аптаның басында құлдыраған ресейлік қор нарығы біртіндеп қалпына келе бастады. Сейсенбідегі кешкі сауда-саттық нәтижесі бойынша акциялар бағасы өсті.

Алайда өткен аптадағы көрсеткіштеріне жеткен жоқ. Дегенмен, құлдырау барысындағы шығынның үштен бір бөлігін қайтарып алды. Қор нарығындағы дүрбелең басылған соң инвесторлар  мен сарапшылар Ресей нарығының болашағына болжам жасады. 

Санкциялық текетірес инвесторлардың көңіл-күйіне тікелей әсер етіп, олар активтерін сата бастады. Нәтижесінде бұл Ресей қор нарығы көрсеткіштерінің құлдырауы мен рубльдің төмендеуіне әкелді.  Сондай-ақ Ресейдің батыс елдерімен қарым-қатынасының нашарлауы, Сирия төңірегіндегі жағдай, АҚШ енгізген жаңа санкциялар рубль бағамының құбылуына айтарлықтай әсер етті.

Тимур Нигматуллин, «Открытие» компаниясының қаржы сарапшысы:

- АҚШ-тың жаңа санкцияларынан кейінгі активтердің сатылымы доллар мен рубльге қатысты болжамымызды еш өзгерткен жоқ. 2018 жылдың аяғына қарай рубльдің долларға шаққандағы бағамы 57,3 болады деп күтеміз. Яғни бүгінгі сатылымдар - тек қысқа мерзімдегі дүрбелең.

Сарапшылар санкцияларға қатысы жоқ компаниялардың құнды қағаздарының бағасы жақын арада қалпына келетіндігіне сенімді.

Тимур Нигматуллин,  «Открытие»  компаниясының қаржы сарапшысы:

- Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер, инфляция, экономикалық өсім қарқыны, тұтынушылық сұраныс өзгеріссіз қалды. Акциялар бағасыныңы арзандауы ұзаққа созылмайды деуге негіз бар. Себебі осыған дейін олардың бағасы өсіп келген. Менің ойымша жақын арада осы ұзақ мерзімді үрдіс жалғасуы керек.

Дегенмен, тұрақсыз геосаяси жағдай мен Ресейге қарсы жаңа шараларды  қабылдау мүмкіндігі бұл болжамды өзгертуі ықтимал. Егер Еуроаймақ мемлекеттері АҚШ санкцияларына қосылса, бұл Ресейдің мемлекеттік қарызы мен рубль бағамына айтарлықтай әсер етеді. Осындай тұрақсыздықтан валютаның қысқа мерзімді құбылуы жалғаса бермек.

Авторлары: Дана Нуржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы