386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан Үкіметі отставкаға кетті

  • 776
  • UPD: 22:04, 19.04.2018

Көршілес қырғыз елінің билігінде бүгін кенеттен ауқымды ауыс-түйіс болды.

Дәлірек айтқанда, ел президенті Сооронбай Жээнбеков премьер-министр Сапар Исаковтың отставкасын қабылдап, жарлыққа қол қойды. Себебі үкімет басшысының өткен жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі есебіне оппозициялық партиялардың көңілдері толмай, сенімсіздік таныту туралы ұсыныс жасаған. Сөйтіп Исаковтың премьер-министр лауазымынан кетуін 112 депутатың 101-і қолдады. Осыдан соң президент Сооронбай Жээнбеков оны отставкаға жіберді.

«Ата Мекен», «Ата-Жұрт республикасы» және «Онуггу-Прогресс» партияларынан шыққан депутаттар премьер-министр Сапар Исаковқа сенім білдіруден бас тартты. Үкімет басшысының есебіне көңілі толмаған оппозициялық фракциялар үкіметтің отставкаға кету мәселесін парламенттің бүгінгі жалпы отырысында көтерді.

Тынчтык Шайназаров, Қырғызстан Парламентінің депутаты:

- Сапар Жұмақадырұлымен ешқандай бас араздығым жоқ, алайда кейбір министрлердің депутаттарға деген немқұрайлы қарым-қатынасына, хаттар мен сұранымдарға уақытында жауап бермей, бір-біріне сілтеуіне өз басым наразымын.

Бұрынғы үкімет басшысының «Қауіпсіз қала» жобасын іске қоса алмағандығы да өзіне таяқ болып тиді. Бішкекте бейнебақылау камераларын қоюға келіскен қытайлық «Хуавей» компаниясымен жасасқан келісімшарт Сапар Исаковтың бастамасымен бұзылған болатын. Бұрынғы премьер-министр аталмыш жүйені өз күшімізбен құрамыз десе де, айтқан уәдесінде тұра алмады. Сонымен қатар ол қыста ірі апат болған Бішкек ЖЭС жұмысын толықтай қайта қалпына келтіре алмады. Кешенді жөндеуге деп бөлінген қытайлық гранттың қалай жұмсалғанын қазіргі таңда құқық қорғау органдары жаппай тексеріп жатыр. Аталмыш құжатқа Сапар Исаков қол қоймаса да, парламенттегілер ЖЭС-ісіне салғырт қараған деп бұрынғы премьер-министрді кінәлап отыр.

Сапар Исаков, Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі:

- Мен басқарған үкімет тарапына айтылған сын-ескертпелердің көпшілігімен келісемін. Біз шешуге тырысқан көптеген мәселе аяқталмай қалды. Бұл жерде кінәлі тек мен және менің қол астымдағылар емес, бұл талай жылдан бері келе жатқан мәселелер болғандықтан, бірден шешімін табуы қиын. Министрлер кабинетінің жұмысын дәл осылай демократиялық жолмен шеше алатынымзға өз басым қуанып отырмын.

Қырғызстанның тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде 28 премьер-министр ауысқанына қарамастан, сенімсіздік білдіру арқылы министрлер кабинетін отставкаға жіберу әдісі алғаш рет жүзеге асып отыр. Президент әкімшілігінің басшысы Фарид Ниязов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Аюдиль Сегізбаев, бас прокурор Индира Жолдыбаева енді міне, премьер-министр Сапар Исаков. Бұл – соңғы  бір айда жылы орнынан айырылған шенеуніктер тізімі. Айта кетсек, аталғандардың  барлығы Алмазбек Атамбаев президент болған кезде жоғары лауазымға ие болған азаматтар.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы