389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемдегі державалар Пхеньянның ядролық қарудан бас тартуын қуана құптады

  • 632
  • UPD: 19:49, 21.04.2018

Әлемдік державалардың көшбасшылары ядролық қарудан бас тартқан Солтүстік Кореяның қадамын құптап, пікір білдіріп жатыр.

Ел билігінің бұл шешімін таяуда Корея Халықтық Демократиялық Республикасының орталық телеграф Агенттігі таратқан болатын. Мұнан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter-дегі парақшасында «Пхеньянның шешімі - Солтүстік Корея үшін де, бүкіл әлем үшін де жақсы жаңалық болды» деп жазды. Дегенмен, Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ «Пхеньянның бұл әрекетіне сеніп, Солтүстік Кореяға көрсетіліп келген қысымның күшін біржола тоқтатуға болмайды» деп санайды. Ал Ким Чен Ынның шешімін Оңтүстік Корея қалай қабылдады?

Оңтүстік Кореяның барлық ақпарат құралдары Пхеньянның бүгіннен бастап, ядролық сынақтарды доғарып, полигонын жабатынын хабарлады. Еңбек партиясының мәжілісінде жасалған осы мәлімдеменің үзіндісін телеарналар қайта-қайта көрсетіп жатыр.

21 сәуірден бастап, Солтүстік Корея ядролық сынақтар жасап, баллистикалық зымырандар ұшыруын тоқтатады. Осы ниетіміздің ашықтығын көрсету үшін елдің солтүстігіндегі ядролық сынақтарға арналған полигон бұзылады.

Ел тұрғындарын қуантқан бұл хабар күтпеген жаңалық деуге болмайды. Өйткені осыған дейін де, яғни Пхеньянда екі ел делегациялары өткізген келіссөздер  барысында және Пекинге сапары кезінде Ким Чен Ын ядролық қарудан бас тартуға дайындығын білдірген еді. Алайда Сеул тұрғындарының біразы осы уәденің орындалатынына сенбей отыр.

БЛИЦ:

Хан Чжон Сун, Сеул тұрғыны:

- Ким Чен Ирдің де, Ким Ир Сеннің де сөздерінде тұрмаған жағдайлар көп. Ал Солтүстік Кореяның басшысы жас, әлемге көзқарасы да жаңаша, сол себепті ол ядролық қарудан бас тартады деп ойлаймын.

Ан Гён Сун, Сеул тұрғыны: 

- Ядролық қарудан бас тарту ниетіне сенуіміз керек. Біз бір халықпыз ғой. 

Ким Е Джа, Сеул тұрғыны:

- Өткен жылдармен салыстырғанда арақатынасымыз жылыды. Дегенмен, Ким Чен Ынның сөзіне күмәнім бар. Болашақта не боларын білмеймін, жасым 60-тан асты, бірақ ұрпағымыздың келешегін ойлап, соғысқа жол бермейміз. 

Ал сарапшылардың пікірінше, Пхеньян ядролық сынақтарын доғарғанмен, қолындағы бар қаруын жоймайды. Солтүстік Корея басшысының Еңбек партиясы пленумында жасаған мәлімдемесі мұны айғақтайды. Онда «Қарулы күштерімізді ядролық қарумен жабдықтау аяқталғаннан кейін баллистикалық зымырандар мен ядролық қару сынақтарын өткізудің қажеті болмай қалды» деген болатын.  

Андрей Ланьков, кореятанушы маман:

- Ядролық нысандарына халықаралық бақылаушыларды жіберіп, плутониймен істейтін реакторын тоқтатып, тіпті ядролық бағдарламасына қажетті құрал-сайманның бір бөлігін бұзуы да мүмкін. Ал қазіргі қолда бар ядролық қаруы мен зымыран жүйелерін қалдырады. Қаншалықты қысым жасаса да одан бас тартпайды. Яғни өз күшін сақтап қалады.  

Көрші елдің бұл мәлімдемесін құптаған Сеул мұны Корея түбегін ядролық қарудан ада ету ісіндегі үлкен жетістік деп бағалды. Президент Мун Чже Ин баспасөз қызметі таратқан мәлімдемесінде бұл жағдай Ким Чен Ынның Оңтүстік Корея және АҚШ басшыларымен келіссөздерінің табысты болуына септігін тигізеді делінген. Кореялық қос мемлекеттің басшылары келер жұмада кездесуі керек.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы