387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қос Корея басшыларының саммитін дайындау бойынша келіссөздердің үшінші кезеңі аяқталды

  • 464
  • UPD: 19:37, 24.04.2018

Солтүстік Корея аумағындағы Пханмунджом шекара өткелінде кореялық қос мемлекет басшыларының саммитін дайындау бойынша келіссөздердің үшінші кезеңі аяқталды.

Екі елдің өкілдері саммитті 27 сәуір күні бастауға келісті.

Әдетте қаңырап тұратын шекаралық аймақ бұл күндері журналистерге толы. Екі ел басшыларының кездесуіне екі мың сегіз жүзден аса тілші тіркеліпті. Олардың сегіз жүзі шетелден келген. Баспасөз өкілдеріне шекара маңындағы елді мекендерге баруға рұқсат етілді. Сондай ауылдың бірі – Менпхари. Солтүстік Кореядан он шақты шақырым қашықтықта жатыр. Қазір онда туристер жоқ, жергілікті дәмханалар мен қонақүйлер шығынға батқан. Жұрт 2008 жылы болған оқиғадан кейін бұл маңнан айнып қалыпты. Есіңізде болса, сол кезде Солтүстік Кореяның жауынгері Кымгансан тауларына саяхаттап келген оңтүстіккореялық әйелді атып өлтірген еді. Енді Сеул мен Пхеньян арасындағы қарым-қатынасқа жан бітер тұста жергілікті тұрғындар бар үмітін салып отыр.

Чан Сок Кван, Менпхари ауыл кеңесінің төрағасы:

Саммит табысты өтсе, туризм жанданып, жол инфрақұрылымы дамиды. Біз Солтүстік Кореямен шекарадағы ең шеткі мекен саналамыз. Жеріміз өте құнарлы, күріш, картоп, бұрыш пен жүгері егеміз. Бірақ оны өткізу қиын, туризм жанданса, осы мәселе де шешімін табар ма еді.

Шекаралық аймаққа жету оңай емес. Алдын ала өтініш тапсырып, паспорттық бақылаудан өтіп, анкета толтыру керек. Өйткені Корея мемлекеттері әлі бейбіт келісімге жеткен жоқ. Шекарадағы кейбір аудандарда миналар орнатылған. Мәселен, Солтүстік Кореяға баратын жол. 16 шақырым қашықтықта Кымгансан таулары тұр. 2008 жылдан бері Оңтүстік Корея туристеріне мұнда келуге тыйым салынған. Ал екіжақты қатынас нашарлаған жылы осы жерге 400 мыңдай адам келген. Екі ел арасындағы шекара өткелі 10 жыл бойы істемей тұр. Солтүстік Кореяға қатынайтын вокзал да қаңырап қалды. Енді 27 сәуірде өтетін саммитен кейін екі ел арасындағы туристік қатынас қайта жандануы мүмкін.

Хван Сон Хо, транзит терминалының өкілі:

– Бұрынғыдай Кымгансан тауларына оңтүстіккореялықтар көптеп келе бастайды деген үмітім бар. Оларды лайықты қарсы алу үшін дайындаламыз.

Дегенмен саммит барысында экономикалық мәселелері, соның ішінде туризмді қайта жаңғырту жайын талқылау қарастырылмаған. Кездесудің басты тақырыбы Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы болады. Алайда шекаралық аймақтағы тұрғындар 27 сәуірден кейін екіжақты қатынастырдың жаңа дәуірі басталып, шекара қайта ашылады деп сенеді.

Авторы: Владислав Цой

Хабар 24 телеарнасы