384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ыстамбұлда «гүл кілемді» дайындауға 565 мың қызғалдақ қолданылды

  • 578
  • UPD: 09:56, 27.04.2018

Түркия жыл сайын дүниенің төрт бұрышынан 38 миллионға жуық турист қабылдайды.

Жылдың төрт мезгілінде де саябыр тартпайтын саяхатшылар әсірісе көктемнің екінші айында келуге ықылас танытады. Өйткені сәуір айында Ыстабулда «Қызғалдақ фестивалі» ұйымдастырылады.

XIII қызғалдақ фестивалі Эмирган саябағында салтанатты жағдайда ашылды. Биыл бұл саябаққа қызғалдақтың 192 түрінен 2 млн 800 мың данасы егіліпті. Сондықтан бұл сұлулықты тамашалауға жергілікті халықпен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылуда.

Бұл күндері қаланың жол жиектері мен көрікті орындары жасыл желекке оранып, ерекше ажарлана түскен. Әсіресе жаңадан қауыз жарған қызғалдақ пен сарғалдақтар көздің жауын алады. Ыстамбұлдағы дәстүрлі шараны тамашалау үшін биыл Диана құрбысымен бірге Ресейден арнайы қыдырып келіпті. «Күн күлімдеп, шуағын бізге төгіп тұр. Ал гүлдердің мүңкіген хош иісінен бас айналады. «Бұл таңғажайып көрініс ұмытылмас әсерге бөледі», – дейді ол.

Диана Джалати, ресейлік турист:

- Былтыр біз осы жерге келдік, бірақ фестивальдің ашылу салтанатына үлгере алмадық. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін биыл бұл шараға арнайы келіп отырмыз. Айналадағы сұлулыққа ерекше тәнті болып, тіпті таңданысымызды жасыра алар емеспін. Бір сөзбен айтқанда, бізге  өте қатты ұнады.

Виктория Далакян, ресейлік турист:

- Біз бұл фестивальге алғаш рет келдік. Мұнда бәрі әдемі, жадыраңқы екен. Айнала түрлі-түсті гүлге оранған, мерекелік көңіл-күйге бөлейді. Келгенімізге өкінбейміз, қайта ерекше қуанып тұрмыз.

Қызғалдақ фестивалі аясында Ыстамбұлда бірқатар мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мысалы, қаладағы туристік орындардың бірі Сұлтан Ахмет мешітінің маңында қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі мен халық әндерінің концерті өтті. Ал Айя-София музейінің алаңында жайылған қызғалдақтан жасалған алып кілем ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Көлемі 1734 шаршы метрді құрайтын «гүл кілемді» дайындауға 565 мың қызғалдақ қолданылыпты.

Яхия Гөк, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

- Бұл фестиваль – халықтың көңілінен шығып, қолдауына ие болған бірегей шара. Бұл күндері саябақ пен теңіз жағасында отбасыммен бірге серуендегенді жақсы көремін. Қалаларымыздың сұлулығын біз ғана емес, бүкіл әлемнен туристер келіп тамсана тамашалап жатыр. Әрине, бізді бұл жағдай айрықша қуантады. Сондықтан биылғы фестивальге үлгермесеңіз, келесі жылы міндетті түрде келуге тырысыңыздар.

Ыстамбұлда қызғалдық фестивалі 2005 жылдан бері бұқаралық сипатта тойланып келеді. Биылғы шараның ерекшелігі, «қызғалдақ» фотобайқауы өтті.  Ұйымдастырушылар сайыстың жеңімпаздары осы айдың соңында анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталатынын айтады. Ал үздік деп танылған фотолар арнайы кітапшаға басылып, көпшілік назарына ұсынылмақ.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы