378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда белсенділер бейбіт шеруге шықты

  • 529
  • UPD: 23:42, 01.05.2018

1 мамыр – Түркияда да мемлекеттік мейрам.

Ол ел ішінде Еңбек және ынтымақ күні ретінде кеңінен тойланады. Бұл мерекеде Түркияның ірі өндіріс орындарының жұмысшылары, әлеуметтік саланың қызметкерлері мен кәсіподақ өкілдері және үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері алаңға шығып, бейбіт шеру өткізеді. Жиылған жұрт әдеттегідей алғашқы кезекте еңбек шартының жақсаруы мен жалақыны өсіруді талап етіп отыр. «Алайда алда болатын президент пен парламент сайлауының екпінімен биылғы мерекелік жиын саяси науқанға ұласып кетті», деп хабарлайды арнамыздың Түркиядағы меншікті тілшісі Ержан Жүніс.

1923 жылдан бері мамырдың 1-і Түркияда ресми мереке. Сол уақыттан бастап айтулы мейрамды тойлау бұқаралық сипат алған. Бұл күні қаланың орталық алаңдарында мерекелік концерт пен ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Мысалы, біз қазір Ыстамбұлда өтіп жатқан дүбірлі жиынға қатысып тұрмыз. Мұнда халықтың қарасы көп. Олардың дені Түркияның өндірісін өрге домалатып отырған еңбекшілер қауымы екеніне ерекше назар аудартқым келеді. Яғни арасында кеншілер, құрылысшылар, металлургтер, мұғалімдер мен дәрігерлер де бар. Осылайша бүгін мерекенің аясында әр саланың мамандары бас қосып, айтулы күнді дүркіретіп атап өтті.

Хифран Туран, «Білім» кәсіподағының Кожалі қаласы бөлімшесінің жетекшісі:

- 1 мамыр бүкіл әлемде еңбекшілердің халықаралық мерекесі ретінде аталып өтіледі. Түркияда да бұл күннің мән-маңызы өте зор. Кез келген зайырлы, демократиялық мемлекетте қарапайым жұмысшылардың құқықтары қорғалған, олардың қоғамдағы мәртебесі де жоғары. Өкінішке қарай, біз әлі ол деңгейге жеткен жоқпыз. Бұл жөнінде өз ұстанымдарымыз бен ұсыныстарымыз бар. Бүгінгі бейбіт шеруде оны үкімет пен саяси партияларға жеткізбекпіз.

Бетюль Арым, актриса:

- Бүгінгі мерекелік шараға бір топ актерлер болып қатысып жатырмыз.  Еңбек және ынтымақ күнімен бүкіл халқымызды құттықтай келдік. Еліміздің бірлігі бекем, татулығы зор болсын. Әлемнің барлық халықтары тату-тәтті өмір сүре берсін деп тілеймін.

Бүгін мерекеге орай қалада қауіпсіздік шаралары да күрт күшейтілді. Ыстамбұл муниципалитеті мейрам күні 26 мыңнан аса полиция қызметке жұмылдырылғанын хабарлады. Тәртіп сақшылары туристік орындар мен мерекелік шеру өтетін алаңдарда қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды.

Тіпті мерекелік іс-шара ұйымдастырылып отырған орынға бару үшін әуелі «X-Ray» деп аталатын қондырғыдан өтуің керек. Егер адам күдік шақырып тұрса, онда полиция төлқұжатын сұрап, оны бүге-шүгесіне дейін тексереді. Әрине, бұл үрдіс ұзақ уақыт алып, ұзын-сонар кезекке ұласып жатады. Алайда халықтың қауіпсіздігі алғашқы орында екенін ұмытпаған жөн.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы