386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияның ішкі істер министрі ренжулі халықтан кешірім сұрады

  • 413
  • UPD: 12:04, 14.05.2018

Тбилиси толқып тұр. Түнгі клубтарда есірткі сатқандарды тұтқындау барысындағы полиция қызметкерлерінің қимылына ренжіген жұрт, Руставели даңғылының бойында наразылық шеруіне шықты.

Енді бір топ керісінше есірткіні сатушылардың жолын кесуді жақтайды. 

Тбилисидің орталық көшелерінде тәртіп сақшылары, арнайы техника және жедел жәрдем қызметкерлері жұмыс істеуде. Елдегі тыныштықты сақтап қалуды борыш санайтын полиция жасақтары жағдайды назарда ұстап, әлдебір кикілжіңдердің алдын алуға ниеттенді. Мейлінше бейбіт жағдай орнатуға бейіл жандар оқиғаның шиеленісіп кетпеуін ойлайды.

Лери Гулбани, наразылық шарасына қатысушы:

- Біздің балаларымыз өсіп келе жатыр, біз осында олардың болашағы үшін келдік. Мына азаматтар оларға қандай үлгі көрсетпек? Бұл деген сұмдық ғой. Біз жастарды естерін жиып, жамандықтың кең етек жаюына жол бермеуін сұраймыз. 

Георгий Лория, наразылық шарасына қатысушы:

- Мен мұнда есірткі сатушыларды қорғау үшін келіп тұрған жоқпын. Тек түнгі клубта демалып жүрген сәтте полиция өкілдері күш салып мені сыртқа шығаруын қаламаймын. Сондықтан билікте отырған азаматтар есірткі саясатына деген көзқарасын өзгертсе деймін. Шамалы есірткі қолданғаны үшін адамдарды 20 жылға түрмеге қамағанын қаламаймын.

Наразылық шарасына қатысушыларды сабырға шақыру үшін орталық алаңға елдің ішкі істер министрі келді. Жастармен бір сағат бойы сөйлескен Георгий Гахария көпшлік алдында кешірім сұрады.

Георгий Гахария, Грузияның Ішкі істер министрі:

- Кешірім сұраудан бастайықшы, мені кешіріңіздер. Ішкі істер министрлігінің өкілдері сіздерге кесірін тигізсе бәрінің атынан кешірім сұраймын. Енді таңғы сағат 10-нан бастап сіздердің өкілдеріңізбен жеке кездесіп, мәселені жан-жақты қарастыруға уәде беремін.

Наразылық шарасына қатысушылар бір аптаға үзіліс жариялады. Алайда егер шенеуніктер өз сөзіңде тұрмаса шеруді қайта жалғастыруға уағдаласты. Естеріңізге сала кетейік, Грузияда түнгі клубта есірткі сатушыларды ұстау операциясы  жұмадан сенбіге қараған түнде өтті. Нәтижесінде 8 есірткі сатушы қолға түсті.

Авторлары: Татия Джанибегашвили, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы