388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Орталық Азияда алдағы 10 жылда суға сұраныс бірнеше есеге артады

  • 748
  • UPD: 21:35, 15.05.2018

Орталық Азияда алдағы 10 жылда ағын суға деген сұраныс еселеп артады.

Себебі бұл елдерде халық саны өсіп, егістік жерлердің көлемі артып келеді. Сондықтан суды үнемдеп пайдалану өзекті мәселе күйінде қала бермек. Астана экономикалық форумында шығыс жұрты трансшекаралық өзен суын тиімді пайдалану мәселесін ортаға салмақ. Өйткені Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қазақстан елдері бір ғана Сырдарияға тәуелді.

Өзбекстан аумағынан трансшекаралы үш бірдей өзен ағып өтеді. Соның ішіндегі ең ұзыны Сырдария өзені. Дария жалпы төрт бірдей мемлекетті ағын сумен қамтамасыз етеді. Сондықтан да былайғы жұрт берекелі өзенді «Достық» өзені деп те атайды. Оның ұзақтығы 4 мың 400 шақырымнан асып жығылады екен. Мамандардың пікіріне қарағанда судың жерге сіңіп ағуымен қатар аптапты ыстықта буланып кету процесі екі есе жоғары екен. Бір ғана мысал келтіретін болсақ, Ташкент облысының аумағында 38 миллион куб су буланып кетеді. Бұл көрсеткіш шөлді аймақтарға жақындаған сайын еселеп артады екен. 

«Сырдария» өзені 3,5 миллион гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етеді. Оның 2 миллон гектарға жуығы Өзбекстан аумағында жатыр. Өзен бойында жалпы 5 бірдей су қоймасы бар. Солардың ішіндегі ең үлкені «Тоқтағұл». Өзендегі су деңгейінің қалыпты сақталуы ауа райының жауын-шашынды болуы мен айыр қалпақты ағайынға тікелей байланысты. Өйткені Қырғызыстан су қоймасын бүгінде тек энергетикалық режимде пайдаланып келеді. Яғни электр энергиясына деген сұраныс азайған шақта 6 миллиард текше метр судың орнына  4 миллиард ғана  жібереді екен.

Одил Холхуджаев, «Сырдария» су шаруашылығы қауымдастығының басшысы:

- Өзендегі су деңгейі тікелей Тоқтағұл суқоймасынан төменге қарай жіберген су мөлшеріне байланысты. Егер көп жіберсе су тапшылығы болмайды. Қырғыз республикасы электр энергиясын өндіру қажеттілігі болмаса, шығынын жабу үшін  суды өз мөлшерінде жібермей қояды. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстан электр энергиясын сатып алып, олар қосымша су жіберіп жатыр. Соның есесінен біздің аумақтағы өзенде су толады. 

Өзбекстан биылғы жылы мақта алқабының көлемін 10 мың гектарға азайтты. Оның орнына тиімділігі жоғары тамшылатып суару әдісімен бау-бақша егіп жатыр. Яғни ауыл шаруашылығына ғылыми әдістерді көбірек ендірмек. Ғалымдардың жүргізген зерттеуіне қарағанда өзен суы егістік алқабына жеткенше 22 пайыз шығынға ұшырайды екен. Ташкенттік ғалым Бәкір Серікбаев ауа райы ысығанда жерден  көтерілген парды кәдеге жарату тәсілін ойлап тауыпты. Яғни екі метр биіктікке көтерілген буды қайта суға айналдырып, оны егіс алқабына бүркіп шашуды ұсынып отыр. Ортадағы пайда болған тұман ылғалды сақтап ғана қоймай, егінді күн өтіп кетуден сақтайды, дейді  ғалым.

Бәкір Серікбаев, академик, техника ғылымдарының докторы:

- Тұман есебінде ауаны суаруымыз керек. Оны адамдар ауаны суару қалай деп түсінбеуі мүмкін. Ең алдымен суарып аламыз да кейін булануға кететін суды жіберіп тұрамыз, оның бір жақсы жері таңертең, түсте, кешке күннің өтуінен тұман қылып суарғанда стабилизатор ретінде суарылып, егіннің трансперация дейді сол бір қалыпта болады. Сонда егін ауырмайды.

Орталық Азия мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының жүйелі жұмысының арқасында  Қазақстан «Өгем» өзенінен ауыз су алатын болды. Нәтижесінде еліміздің оңтүстігіндегі бірнеше елді мекен халқы ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Трансшекаралы Сырдария мен Амудария өзендері, Мақтарал ауданындағы «Достық» каналының сағасында орналасқан елдердегі ауылшаруашылығы саласы қалыпты дамып келеді. Оған қоса  кіші Арал да толды. Жалпы су мәселесі бойынша бес елдің арасында келіспеушілік орын алған емес. Астана төрінде осы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесі жан-жақты талқыланбақ.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Зафар Халилов

Хабар 24 телеарнасы