384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бразилияда жанармай қымбаттауынан жол апаты жиіледі

  • 290
  • UPD: 08:40, 25.05.2018

Жанар-жағар май бағасының өсуі бразилиялықтарды әуре-сарсаңға салды. Жүргізушілер арзан отын іздеп, жанармай бекеттерінде сабылып жүр.

Салдарынан қалада көлік кептелісі мен жол апаты көбейді.  

Бразилияда жанар-жағар май бағасы құбылып тұр. Әр ай сайын бірде қымбаттап, бірде керісінше құлдырап кетеді. Бұл үдеріске алаңдаған жүргізушілер көлік отынын үнемдеуге кірісіп кетті. Апта басында Санта-Катаринада арзан жанармай іздеген тұрғындар ұзындығы 4 шақырымға ұласқан кептелісті қалыптастырды. Оны тарқатуға жергілікті жол полициясының бірнеше сағат уақыты кетті.

Оливия Нойя, автокөлік иесі:

- Бұл мен үшін сұмдық жағдай болды. Жүргізушілер ақша үнемдеу үшін бір жанар-жағар май бекетінен екінші бекетке сабылғандықтан, кептеліс болады. Сол себепті бір аптаның ішінде жұмысқа төрт рет кешіктім. Бұл жағдайға полиция баяғыда араласуы керек еді.

Жанармай бекеттерінің көбінде 1 л бензиннің бағасы төрт жарым доллар болса, кейбір бекеттер бензин бағасын 4 долларға дейін түсірген. Осы азын-аулақ баға айырмашылығы қаладағы әбігерлікке себеп болып отыр.

Катарина Пере, көлік жүргізушісі:

- Жолдасым екеуіміз таңғы сағат тоғыз жарымда кезекке тұрғанбыз. 8 сағаттай ұзын-сонар кезекте тұрсақ та, арзан бензин құйып алдық. Бұл еңбегімізді ақтады ма? әрине, ақтады. Өйткені бізде бензин бағасы тұрақсыз, ертеңгі күні оның қанша тұратыны белгісіз. Ал қазір біршама уақытқа дейін біз бензин жайына алаңдамайтын болдық.

Бразилия жүргізушілері қала муниципалитетінен бензин бағасының өсуін қадағалауды өтінгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Жанар май бағасы сенбі-жексенбіден басқа күндері құбылып тұратындықтан қала халқының наразылығы өршіп келеді. Бензин бағасының тұрақсыздығы жанар май сататын ірі кәсіпкерлерге ғана тиімді дейді жергілікті тұрғындар.

Авторы: Рафаэль Франзони

Хабар 24 телеарнасы