386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде өтетін әлемдік доп додасына 600 мың жанкүйер келеді деп күтілуде

  • 420
  • UPD: 17:41, 30.05.2018
Ресейде өтетін әлемдік доп додасына 600 мың жанкүйер келеді деп күтілуде

Ресей әлем чемпионатын қабылдауға толық дайын.

Халықаралық Футбол федерациясының комиссиясы жарыстар өтетін 12 стадион талапқа сай екенін мәлімдеді. 11 қалада орналасқан спорт нысандарында сынақ жарыстары өтіп, стадиондардың әзірлігі пысықталды. Ұйымдастырушылар қауіпсіздік мәселесі де басты назарда екенін айтады.

Ресей футболдан әлем чемпионатын қабылдаған 17 елдің қатарына кірді. Орыстар дүние жүзінің айтулы жарысына жеті жыл дайындалды. Енді міне ұйымдастырушылар Ресей әлем кубогына толық әзір екенін ресми мәлімдеді.

Сергей Алексеев, РФ заңгерлер қауымдастығының спорттық құқық жөніндегі комиссиясының басшысы:

– Қауіпсіздікті қадағалауға ұлттық гвардия мен барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылды. 20 мыңнан астам адам арнайы дайындықтан өтіп, бақылау-өткізу жұмыстарына тартылды. Ішкі істер министрлігінде спор полициясы атты жеке департамент құрылды. Олар әлем чемпионаты кезінде тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалаумен айналысады.

Валерий Газзаев, РФ мемлекеттік думасының спорт, жастар ісі жөніндегі комитетінің басшысы:

Франциядағы Еуропа чемпионаты кезіндегі жағдайлар қайталанбайды. Екі команданың жанкүйерлері бөлек секторларға жіберіледі. Бұл жұмыстар жоғары деңгейде жүріп жатыр. Біздің қауіпсіздік қызметінің мамандары әлем чемпионатына қатысатын елдердің қауіпсіздікке жауапты органдарымен тығыс қарым-қатынас орнатты.

Қауіпсіздікті сақтау мақсатында матчтар өтетін қалаларға кіру тәртібі қатаңдатылды. Енді келушілер жергілікті мекенге үш күнге тіркелуі керек. Бұл талап футбол жанкүйерлері мен шетелдік азаматтарға да қатысты. Ресейліктер қатаң тексеріс пен шектеулерге қарамастан әлем чемпионаты көпшіліктің есінде үлкен футбол мерекесі ретінде қалса дейді.

Андрей Кутепов, Федерация Кеңесінің регламент жөніндегі комитетінің басшысы:

Біз жоғары деңгейде дайындалдық. Инфрақұрылым бар. Келушілерді қарсы алатын мамандар да әзірліктен өтті. Біз бұл мерекені қарсы алып, көппен бірге тойлауға іштей әзірміз. Бүкіл әлем халқына қонақжай екенімізді көрсетеміз.

Ресейді мереке ғана емес, үлкен сынақ та күтіп тұр. Елдің кейбір аймақтары бір жылда келетін туристерді бір айдың ішінде қабылдап үлгеруі керек. Әлемдік доп додасына алты жүз мың жанкүйер келетін көрінеді.

Авторлары: Жасын Біркенов, Дана Нуржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы