389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейжіңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының бизнес-форумы өтті

  • 434
  • UPD: 10:03, 07.06.2018

Жиынның мақсаты - ұйымға мүше елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайта отырып, жаңа жобалар мен мүмкіндіктерге жол ашу.

Қытайдың орталық телеарнасы СCTV мәліметінше, шараға 200-ден аса кәсіпкер мен ШЫҰ бизнес-ассоциация өкілдері қатысты. Форумға қатысушылар тауар-айналым, сауда, инфрақұрылым, машина жасау және инновация жөнінде жаңа бастамаларды талқылады. Кездесудің негізгі екі тақырыбы болды. Біріншісі, стратегиялық ынтымақтастық алаңдарын құру,  Ал екіншісі, шағын бизнеске жаңашылдық енгізу. Шара барысында Қытай сауда министрлігінің өкілі ШЫҰ елдерінің Қытаймен инвестициялық серіктестік арқасында біраз пайдаға кенелуі мүмкін екенін тілге тиек етті.

Айта кету керек, тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Қытай Қазақстан инвестициясына 16 миллиард доллар қаржы құйды. Қазір елімізде Қытай капиталымен 1200-дей компания жұмыс істейді. Машина жасау, мұнай өндіру, логистика және тамақ өнеркәсібі саласында көптеген жобалар жүзеге асып жатыр.

Чэнь Чжоу, Қытайдың Халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесу комитеті төрағасының орынбасары: 

- Шара кезінде талқыланған мәселелер мен берілген кеңестер «Бір белдеу, бір жол», Еуразиялық экономикалық одақ және «Нұрлы жол» секілді бастамалардың қарқынды дамуына өз үлесін қосады деп үміттенемін.

Біз ресурс, өндіріс, технология, кадр және капитал салаларындағы артықшылықтарды ескере отырып, өзара қарым-қатынасты алға жетелейтін жаңа үлгідегі жобаларды жүзеге асыруымыз керек.

Хабар 24 телеарнасы