383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде жанармай бағасы қымбаттап кетті

  • 376
  • UPD: 08:11, 08.06.2018

Ресейліктер бензин бағасының өскеніне алаңдап отыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жанармай бағасы жыл басынан бері 7,3 пайызға, дизельдің құны 8 процентке өскен. Ал авиациялық керосиннің парқы 2017 жылы 25%-ға қымбаттаған.

Ресейде жыл басынан бері жанармай бағасы үздіксіз өсіп келеді, тіпті мамыр айында оның құны бірден 6%-ға қымбаттаған. Соңғы аптаның өзінде бензин парқы бір жарым пайызға өскен. Бұл көлік жүргізушілердің қалтасын қағып отыр.

Көлік жүргізушісі:

Соңғы кезде қатты әсер етіп отыр. Бұл бағаның қайда кетіп бара жатқанын білмеймін.

Көлік жүргізушісі:

– Соңғы үш аптада күрт қымбаттады.

Көлік жүргізушісі:

– Әрине, әсер етіп отыр, бензин тым қымбат, Саранскіге көлікпен барып қайттым, одан ұшақпен барғаным арзан болар еді.

Экономистер жағдайдың бұлай ушығуына бірнеше себеп бар деп отыр.

Ярослав Лисоволик, Еуразиялық даму банкінің бас экономисі:

– Ресей өндірушілерінің тұрғысынан қарасақ, бензин бағасына әсер еткен негізгі факторлардың бірі әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өсуі болып отыр. Бұдан бөлек оған рубльдің құнсыздануы мен салық та әсер етуде. Бәсеке дамымағандықтан, бағаны ірі компаниялар белгілеп отыр.

Бағаны тұрақтандыру үшін Ресей үкіметі бензин мен дизельге деген акцизді төмендетті. Осындай шара 2015 жылдан бері алғаш рет қабылданып отыр. Жанармай бағасының күрт өсуі инфляцияның артуына әкелуі мүмкін.

Валерий Войтко, «Алысқа қатынайтын жүргізушілер» қозғалысының үйлестірушісі:

– Біз ұн, макарон, қант секілді күнделікті азық-түлік туралы айтқанда, оның тасымалдау шығынындағы жанармай бағасының үлесі қазірдің өзінде 42-44 пайызға жетіп отыр. Сәйкесінше осы шығынның барлығы азық-түлік бағасына кіреді. Бір-бір жарым айдан соң халық тұтынатын өнімдер бағасының айтарлықтай өскенін сеземіз. Жанармай құны өссе, бәрі қымбаттайтыны анық.

«Жанармай бағасының шарықтауына әсер еткен факторлар қазір өзекті емес», – дейді Ресей Орталық банкі. Валюта бағамы мен әлемдік нарықтағы мұнай бағасының біршама тұрақтап, үкімет тарапынан салық жүктемесінің азаюы да бұған дәлел болып отыр. Осыны есепке ала отырып, экономистер бензин парқының өсуі енді тоқтайды деп отыр.

Авторлары: Дана Нуржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы