384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузия криптовалюта өндіруге электр қуатын жұмсаудан әлемде екінші болып тұр

  • 325
  • UPD: 14:10, 12.06.2018

Грузия тұрғындары үш жыл бойы криптовалютаға қызығып келеді.

Кембридж баламалы қаржы орталығының зерттеуіне сүйенсек, бұл ел криптовалюта өндіруге электр қуатын ең көп жұмсайтын Қытайдан кейін екінші орында тұр. Мысалы, Қытай бұл мақсатта 111 мегаватт, Грузия 60 мегаватт қолданса, АҚШ шығындайтын қуат көзі 27 мегаваттқа ғана тең. Жергілікті тұрғындар арасында майнинг-фермалар құру жағы да кең таралып жатыр. Себебі елде электр қуаты арзан.

Грузияда майнингпен ондаған мың адам айналысады. Оның ішінде ірі компаниялар мен шағын стартаптар, түрлі мамандық иелері, тіпті студенттер де бар. Өйткені, майнинг-ферма құрып, криптовалюта өндіру аса қиын емес. Заңгер Торнике Дарджания жаңа кәсібін осыдан бір жыл бұрын бастаған. Жоғары технологияға құмар ол «эфир» атты криптовалютасын өндіреді.

Торнике Дарджания, Тбилиси тұрғыны:

- Мен бір компаниядан техникалық мәселелер бойынша кеңес алдым. Былтыр криптовалютаға үлкен қызуғышылық болғандықтан, өз шығынымды ақтап, үстінен жақсы пайда көрдім, тіпті кейде 1000 пайызға жететін. Ал қазір жағдай басқаша. Сол кезде алыпсатарлықтың салдарынан биткоин бағасы жасанды өскенін жұрт түсінді. Көбі тіпті салған ақшаларынан айырылғандықтан, қазір бұл іске сақтықпен қарайды.

Торникеге кәсібін бастау оңайға түскен жоқ. Криптовалюта өндіруге көптеген адам ұмтылғандықтан, оған қажет бейне-карталар сатып алу ісі тіпті қиындап кетті. 

Торнике Дарджания, Тбилиси тұрғыны:

- Мен оларды аяқ астынан Германиядан таптым. Ол түрлі операцияларды орындайтын қуатты бейне-карталары бар кәдімгі компьютер іспеттес. Бұл майнер 2017 жылы 1,5 эфириум өндірді. Мен оларды сатпай, сақтадым. Желтоқсан айының аяғында санын 9 эфириумға жеткізіп, бағасы күрт өскенде саттым. Жыл сайын эфириум өндіру қиындап барады. Бір айда 300 доллар өндірсе, 70 долларға жуығы электр қуатына кетеді. 

Электр энергиясы арзан әрі криптовалюталық операцияларға салық салынбайтын болғандықтан, Грузияға ірі компаниялар көптеп тартылған. Мысалы бұл фирма еркін индустриалды аймағында биткоинды өндіріп жатыр. Осы жерде электр энергиясын салықсыз сатып алуға болатындықтан тарифі 18 пайызға арзан. 

Ефрем Урумашвили,  «Битфюри» компаниясының Грузиядағы өкілі:

- Криптовалюта нарығы біртіндеп дамып келеді. Макроэкономикалық факторларға және ірі мемлекеттердің осы саланы реттеуіне байланысты нарық тұрақтанды. Бұл бизнес мүдделеріне қысым жасау емес, криптовалюта биржасындағы шоттарды кім иеленетін білу үшін жасалып отыр.

Расында да Грузия - криптовалюта майнингі үшін ең тиімді мемлекет. Таулы аймақта жатқан елде су энергетикасы қымбат емес. Тіпті кейбір биік орналасқан аудандарда электр қуаты үшін ақша төлемейді екен. 

Вахтанг Гогохия, сарапшы:

- Тұтынушылардың орташа тарифы 1 Квт/сағаты үшін 23 тетри тұрады, бұл 10 центке жуық. Бұл сала жаңа әрі ерекше болғандықтан, инвесторлар мен тұтынушыларды қорғау үшін белгілі бір заң шеңбері қажет. Осылайша бизнеспен айнылысу да қауіпсіз болмақ.  

Әзірге Грузиядағы криптовалюта заңмен реттелмейді. Ұлттық банк виртуалды ақшаның қаржылық және құқықтық қатерлері туралы жан-жақты ескерту жасап жатыр. Күмәншіл адамдар «оңай келген ақшаның оңай кететінін» айтып отыр. Өйткені цифрлық нарықты болжау қиын. 

Авторы: Татия Джанибегашвили

Хабар 24 телеарнасы